Футболдан Еуропа чемпионаты: Испания мен Польша тең түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионатының финалдық сатысының топтық кезеңі екінші турында Испания мен Польша кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, аталған екі құрама Е тобында сынға түседі. Қарсыластары – Швеция мен Словакия.

Алғашқы турда Польша Словакияға 1:2 есебімен жол берсе , Испания Швециямен 1:1 есебімен тең түсті.

Испания мен Польша бұған дейін 12 мәрте кездесті. Оның 8-інде испандар жеңіске жетіп, 3-еуінде польшалықтар басым түссе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Бүгінгі кездесуде алдымен испандар есеп ашты. Ойынның 25-минутында Альваро Мората Испанияны алға шығарды. Бұдан кейін 54-минутта польшалық Роберт Левандовски таразы басын теңестірді. Ал 58-минутта испаниялық Жерар Морено пенальтиді мүлт жіберді.

Кездесуде құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдіріп тарасты.

Аталған кездесумен екінші тур ойындары түйінделді. Енді 20 маусымда А тобындағы құрамалар 1/8 финалға жолдама кімдерге бұйырғанын анықтайды.

Айта кетейік, енді аталған топтағы үшінші тур ойындары 23 маусымда өткізіледі. Бұл күні Испания мен Словакия, Швеция мен Польша құрамалары шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар