Футболдан Еуропа чемпионаты: Дания Уэльсті жеңіп, ширек финалға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионаты 1/8 финалындағы алғашқы ойын өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың аталған сатысындағы бірінші кездесуде Уэльс пен Дания құрамалары шеберлік байқасты.

Еске салсақ, бұған дейін екі құрама 10 мәрте кездесті. Оның 4-де уэльстік футболшылар басым түссе, қалғанында даниялық құраманың мерейі үстем болды. Кейінгі екі ойында даниялықтар жеңіске жеткен.

Уэльс құрамасы сол сәтсіздіктер сериясына тоқтау сала алған жоқ. Бұл ойында да қарсыласына есе жіберіп қойды. Ойын барысында Каспер Дольберг 27, 48-минуттарда мергендігімен көзге түсіп, өз құрамасының басымдығын арттырды. Одан кейін отандастары Йоаким Мехле 88, Мартин Брейтуэйт 94-минуттарда қарсыластар қақпасынан саңылау тапты.

Осылайша Дания қарсыласын 4:0 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

Айта кетсек, жарыстың 1/8 финалында Италия мен Аустрия кездеседі. Ал 27 маусымда Нидерланды мен Чехия, Бельгия мен Португалия, 28 маусымда Хорватия мен Испания, Франция мен Швейцария, 29 маусымда Англия мен Германия, Швеция мен Украина жасыл алаңға шығады.


Соңғы жаңалықтар