Футболдан ел чемпионатында Мақтарал жеңіске жетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 21-турының алғашқы ойын күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойында «Каспий» (Ақтау) мен «Ақсу» (Павлодар облысы) өзара шеберлік байқасты. Командалар турнир кестесінде қатарлас келеді. Кездесу тағдырын 41-минутта Руан Телес соққан жалғыз гол шешті. Осылайша «Каспий» қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді. Алғашқы бестікте тұрған командаларға жақындай түсті.

Тағы бір кездесуде «Ордабасы» Шымкентте «Атыраудан» 2:0 есебімен басым түсті. Ойын барысында шымкенттік клубтан Абылайхан Добай 38, Одил Абдумажидов 95-минутта мергендік танытты.

Алғашқы күнгі ойындарды «Тараз» бен «Мақтарал» (Түркістан облысы) кездесу қорытындылады. Турнир кестесінде тараздық клуб орта тұсында келе жатса, түркістандық команда көш соңында тұр.

Кездесу барысында Жан -Али 35-минутта соққан жалғыз гол «Мақтаралға» жеңіс алып келді. Түркістандық клуб сырт алаңда қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Енді 2 қазанда «Тобыл» (Қостанай) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Қызылжар» (Петропавл) мен «Қайрат» (Алматы) командалары кездеседі.

Сондай-ақ, бұл күнге «Ақжайық» (Орал) пен «Ақтөбе», «Тұран» (Түркістан) мен «Астана» кездесулері белгіленген.


Соңғы жаңалықтар