Футболдан ел чемпионатында «Астана» «Тұранмен» тең ойнады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионтаты тоғызыншы турының алғашқы матчы күтпеген нәтижемен аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» өз алаңында «Тұранмен» ойынды тең аяқтауға мәжбүр болды.

Елордалықтар көш басындағы командалардың бірі болғандықтан, анық фаворит еді.

Алайда жетінші турда сырт алаңда «Қайратты» 1:0 есебімен жеңіп кеткен түркістандықтар да осал емес-ті. Ақыры солай болды да.

Бесінші минутта түркістандық Алияр Мұхаммедтің айып алаңына кірместен шірене тепкен добы қақпадан бір шықты. Көп ұзамай астаналықтар есепті теңестіруге мүмкіндік алды.

11-минутта Марин Томасовтың 11 метрлік нүктеден тепкен добын «Тұран» қақпашысы Ержан Тоқотаев қайтарды.

Дегенмен 26-минутта Педро Эуженио есепті теңестіргенімен, 40-минутта Абдуллай Диакате пенальтиді мүлтіксіз орындады.

Ал тайм соңындағы қосымша минуттарда Фархад Мұсабеков есепті 3:1-ге жеткізді.

Екінші таймда 52-минутта П.Эуженио 11 метрлік айып добын дәл орындаса, содан кейін 73-минутта М.Томасовтан пас алған Рай Влут таразы басын теңестірді – 3:3.

Бұдан соң А.Диакатенің тепкен добы қақпа маңдайшасынан кері қайтты.

Алаң иелері жеңісті жұлып алуға тырысқанымен, одан ештеңе шыққан жоқ.

Командалар тең ойынға қанағат білдірді.

Осы ойыннан кейін 14 ұпай жинаған «Астана» әзірге үшінші орында тұрса, «Тұран» 11-сатыда келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қызылжар» футбол клубына жаңа бас бапкер тағайындалғанын, Нұралы Әліптің «Зенит» сапында Ресей чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар