Футболдан ел біріншілігінде «Астана» көш басына шықты
2022 жылғы 4 шілде 01:10

Футболдан ел біріншілігінде «Астана» көш басына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 16-турының үшінші ойын күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл күні елордалық «Астана» өз алаңында Түркістан облысының «Мақтаарал» командасын қабылдады. «Астана» коомандасынан Марин Томасов 61, 74, 75-минуттарда хет-трик авторы атанса, 89-минутта Сұлтан Сағынаев ойынның нүктесін қойды. Осылайша елордалық клуб қарсыласын 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Нәтижесінде «Астана» қайтадан турнир кестесінде көш басына көтерілді.

Алматыда «Қайрат» Оралдың «Ақжайығынан» 2:0 есебімен басым түссе, тағы бір кездесуде Павлодар облысының «Ақсуы» Петропавлдың «Қызылжарын» 1:0 есебімен сүріндірді.

Айта кетсек, Қостанайдың «Тобылы» Түркістанда «Тұранмен» 2:2 , «Атырау» мен «Тараз» 0:0 есебімен тең түсті.

Ал «Ақтөбе» сырт алаңда Қарағандының «Шахтерін» 3:2 есебімен жеңді.

Енді 4 шілдеде «Ордабасы» мен «Каспий» командалары кездеседі.


Ұқсас жаңалықтар
Бүгін футболдан UEFA Суперкубогы өтеді
2022 жылғы 10 тамыз 15:01

Бүгін футболдан UEFA Суперкубогы өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Суперкубогында Испанияның «Реал Мадрид» және Германияның «Айнтрахт» командасы кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын 10-нан 11 тамызға қараған күні елорда уақытымен 01.00-де Финляндия астанасы Хельсинки қаласындағы «Олимпийский» стадионында өткізіледі. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Былтыр «Реал Мадрид» Ла лигада чемпион атанды. Одан кейін UEFA Чемпиондар лигасы финалында Англияның «Ливерпуль» командасын (1:0) сүріндірді.

Ал «Айнтрахт» бундеслигада небәрі 11-орында тұрақтады. Ал Еуропа лигасы финалында Шотландияның «Рейнджерс» (1:1, 5:4, пенальтиден) командасынан басым түсті.

UEFA Суперкубогының бастау алғанына биыл тура жарты ғасыр толып отыр. Қазірге дейін «Реал Мадрид» аталған турнирде жеті мәрте бақ сынады. Оның 4-інде жеңімпаз атанса, 3-інде қарсыласына есе жіберді. Ал «Айнтрахт» аталған турнирге тұңғыш мәрте қатыспақшы.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан кубогында «Тобыл» ширек финалдан шет қалды.



Семейде «Елім-ай» футбол клубы қайта құрылды
2022 жылғы 8 тамыз 22:02

Семейде «Елім-ай» футбол клубы қайта құрылды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында «Елім-ай» футбол клубы қайта құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Клубтың қайта құрылуына байланысты өткен шараға аты аңызға айналған футболшылар Самат Смақов пен Андрей Карпович, «Елім-ай» қоғамдық қорының атқарушы директоры Төлеухан Күлдіков пен футбол жанкүйерлері қатысты.

- Семей - қазақстандық футболдың отаны. Біздің «Елімайды» әрине қолдаймыз. Футбол клубы - үш дүркін чемпион атанған және бұл команданы бәрі жақсы көреді. Осы стадионның жанкүйерлерді үнемі көп жинағанын қалаймын. Біздің жоспарымызда стадионды жөндеу де бар. Бұқаралық спортты дамыту үшін арнайы алаңдар құратын боламыз, - деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.

«Елім-ай» қоғамдық қорына кез келген жанкүйер кіре алады. Бұл тұрғындардың жергілікті футбол командасын құру мен дамытуға белсене қатыса алады деген сөз.

Сонымен қатар шара барысында ашық микрофон режимінде Абай өңірінде футболды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.


Футболдан Қазақстан кубогында «Тобыл» ширек финалдан шет қалды
2022 жылғы 7 тамыз 23:31

Футболдан Қазақстан кубогында «Тобыл» ширек финалдан шет қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогының топтық кезеңі бесінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турдың үшінші ойын күнінде төрт кездесу өткізілді.

А тобында Алматының «Қайраты» бүгін сырт алаңда Шымкенттің «Ордабасы» клубынан 3:1 есебімен басым түссе, «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Атырау» 0:0 есебіне қанағат білдірді

Бұл топта екінші жолдамадан «Ордабасы» мен «Атырау» үміткер болып отыр.

В тобында Петропавлда жергілікті «Қызылжар» Ақтаудың «Каспий» командасына 1:3 есебімен жол берсе, «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ақжайық» (Орал) командалары 2:2 есебімен тең түсті.

Аталған топтан жарысты жалғастыруға «Қайсар», «Ақжайық» және «Каспий» командаларының мүмкіндігі бар. Ширек финалға берілетін екі жолдама иегері алтыншы турда анықталады.

С тобында ширек финалда «Тараз» және «Мақтарал» (Түркістан облысы) командалары сынға түседі. Бүгін «Тараз» сырт алаңда Қостанайдың «Тобылын» 5:3 есебімен тізе бүктірсе, 6 тамызда «Мақтарал» сырт алаңда «Ақтөбеге» 0:1 есебімен есе жіберді.

Ал одан кейін D тобында «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Жетісу» (Талдықорған) командалары 2:2 есебімен тең түсті. Елордалық футболшылар өз тобында екінші орынға табан тіреп, ширек финалға шықты.

Сондай-ақ аталған топта 10 ұпаймен бірінші орында тұрған Қарағандының «Шахтері» жарыстың келесі сатысында жолдама алды.

Алтыншы тур ойындары 13 және 14 тамыз күндері өтеді.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT