Футболдан ел біріншілігінде «Ақтөбе» үшінші орынға көтерілді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 12-турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел біріншілігінде «Ақтөбе» командасы қатарынан екі мәрте жеңіске жетті. Бұл жолы өз алаңында қарағандылық «Шахтерді» 2:0 есебімен сүріндірді.

Ойын барысында 6-минутта ақтөбелік клубтан Арман Кеңесов қарсыласын қапы қалдырды. Ал 71-минутта Лука Гадрани есепті үстемелей түсті.

Аталған жеңістен кейін «Ақтөбе» 24 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Алғашқы екі орында «Астана» мен «Ордабасы» тұр.

Тағы бір кездесуде шымкенттік «Ордабасы» өз алаңында «Атыраудан» 2:1 есебімен басым түсті.

Ойында алаң иелері қатарынан Бобур Абдахаликов 25, Сергей Малый 30-минутта мергендік танытты. Оған атыраулық клубтан Нсунгуси Эфионг 49-минутта бір голмен жауап қайырды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Қайрат» «Оқжетпестен» 2:1 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ, «Астана» «Ақсуды», «Тобыл» «Қызылжарды» 1:0 есебімен сүріндірді.

Енді 4 маусымда «Жетісу» мен «Каспий», «Қайсар» мен «Мақтарал» кездеседі.

Соңғы жаңалықтар