Футболдан Чемпиондар лигасы: Жартылай финалдың екі жолдамасы кімдерге бұйырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 14 сәуірде UEFA Чемпиондар лигасы 1/4 финалындағы тағы екі қарымта ойын өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін алғашқы жұпта «Боруссия Дортмунд» (Германия) пен «Манчестер Сити» (Англия) клубтары өзара шеберлік байқасады.

Ойын елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бүгінгі ойында «Боруссия Дортмунд» құрамында жарақат алған ойыншылар бар. Атап айтқанда, жарақат алып қалуына байланысты Дан-Аксель Загаду, Аксель Витсель, Марсель Шмельцер, Джейдон Санчо, Юссуфа Мукоко жасыл алаңға шыға алмайды.

Екі команда арасындағы кездесуде испаниялық Карлос Дель Серро Гранде бас қазы қызметін атқарады. Оған отандастары Хуан Юсте Хименес пен Роберто Алонсо Фернандес көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де - Хосе Санчес Мартинес.

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде ағылшындар 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Тағы бір кездесу «Ливерпуль» (Англия) мен «Реал Мадрид» (Испания) командалары арасында болады.

Ойын елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда құрамында да жарақат алған футболшылар бар. Мәселен, «Ливерпуль» құрамында Дивок Ориги, Джордан Хендерсон, Джозеф Гомес, Кивин Келлехер, Вирджил ван Дейк, Жоэль Матип, Тайво Авонийи жасыл алаңға шықпаса, дәл осындай жағдай «Реал Мадрид» сапынан Рафаэль Варан мен Серхио Рамос басынан өткізіп отыр.

Аталған кездесуде нидерландылық Бьорн Куйперс бас төреші болады. Оған отандастары Сандер ван Рукел мен Эрвин Зейнстра көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - грекиялық Анастасиос Сидиропулос.

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Реал Мадрид» 3:1 есебімен басым түсті.

Еске сала кетелік, сейсенбіде «Пари Сен-Жермен» (Франция) және «Челси» (Англия) командасы жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финал ойындары 27 сәуір және 4 мамыр күндері болады.

Финал 29 мамырда Түркияның Ыстанбұл қаласындағы «Ататүрік» олимпиадалық стадионында өтеді.


Соңғы жаңалықтар