Футболдан Чемпиондар лигасы: «Манчестер Сити» сырт алаңда қарсыласын ойсырата жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы алғашқы екі ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жолы «Пари Сен-Жермен» (Франция) және «Реал Мадрид» (Испания), «Спортинг» (Португалия) және «Манчестер Сити» (Англия) командалары шеберлік байқасты.

«Пари Сен-Жермен» және «Реал Мадрид» кездесуінде ойын тағдырын жалғыз гол шешті. Оны 94-минутта француздық Килиан Мбаппе өзінің еншісіне жазды. Осылайша франциялық клуб қарсыласын 1:0 есебімен сүріндірді.

Ал «Спортинг» және «Манчестер Сити» жұбында жеңімпаз қазірдің өзінде белгілі секілді. Ағылшын клубынан Рияд Марез 7, Бернарду Силва 17, 44, Фил Фоден 32, Рахим Стерлинг 58-минуттарда жауапсыз бес гол соғып кетті. Нәтижесінде португалдық клуб өз алаңында қарсыласынан ойсырай жеңілді.

Айта кетсек, 16 ақпанда «Интер» (Италия) мен «Ливерпуль» (Англия), «Ред Булл Зальцбург» (Австрия) мен «Бавария» (Германия) командалары кездеседі.

Ал 22 ақпанда «Вильярреал» (Испания) мен «Ювентус» (Италия), «Челси» (Англия) мен «Лилль» (Франция), 23 ақпанда «Атлетико Мадрид» (Испания) мен «Манчестер Юнайтед» (Англия), «Бенфика» (Португалия) мен «Аякс» (Нидерланды) командалары кездеседі.


Фото: livescore.com
Соңғы жаңалықтар