Футболдан Чемпиондар лигасы: Екінші жолдама кімге бұйырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 5 мамырда UEFA Чемпиондар лигасы финалына жолдама алған екінші команда анықталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жолы «Челси» (Англия) мен «Реал Мадрид» (Испания) командалары кездеседі.

Ойын елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда құрамында жарақат алған футболшылар бар. «Челси» сапынан бүгінгі кездесуде Антонио Рюдигер мен Матео Ковачич ойынды алаң сыртынан тамашалауға мәжбүр. Ал «Реал Мадрид» құрамында Федерико Вальверде, Ферлан Менди, Лукас Васкес пен Хесус Вальехо осындай себеппен кездесуден тыс қалып отыр.

Аталған ойында италиялық Даниэле Орсато бас қазы қызметін атқарады. Оған отандастары - Алессандро Джаллатини мен Фабиано Прети көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де - сол елдің өкілі Давиде Масса.

Екі команда бұған дейін аталған турнирде бір мәрте кездесті. Жартылай финалдың алғашқы ойынында командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ал 2016 жылы өткен Халықаралық чемпиондар кубогында испаниялық клуб 3:2 есебімен басым түскен еді.

Естеріңізге сала кетелік, жартылай финалдың тағы бір жұбында Англияның «Манчестер Сити» клубы Францияның «Пари Сен-Жерменін» (2:0, 2:1) орта жолда қалдырып кетті.

UEFA Чемпиондар лигасының финалы 29 мамырда Түркияның Ыстанбұл қаласында Олимпиадалық стадионда болады.


Соңғы жаңалықтар