Футболдан Чемпиондар лигасы: Бүгін ширек финал ойындары басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 6 сәуірде UEFA Чемпиондар лигасы 1/4 финалында екі ойын өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін алғашқы жұпта «Манчестер Сити» (Англия) мен «Боруссия Дортмунд» (Германия) клубтары өзара шеберлік байқасады.

Ойын елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Командалар бұған дейін аталған турнирде төрт мәрте жолықты. Оның біреуінде ағылшындар жеңі тойын тойласа, біреуінде тең нәтиже тіркеліп, екеуінде немістер алға шықты.

Бүгінгі ойында «Боруссия Дортмунд» құрамында жарақат алған ойыншылар бар. Атап айтқанда, жарақат алып қалуына байланысты Дан-Аксель Загаду, Аксель Витсель, Марсель Шмельцер, Джейдон Санчо, Юссуфа Мукоко жасыл алаңға шыға алмайды.

Ойында румыниялық Овидиу Хацеган бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары - Октавьян Шовре, Себастьян Георге көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - Иштван Ковач.

Тағы бір кездесу «Реал Мадрид» (Испания) мен «Ливерпуль» (Англия) командалары арасында болады.

Ойын елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда құрамында да жарақат алған футболшылар бар. «Реал Мадрид» сапынан Эден Азар, Даниэль Карвахаль, Серхио Рамос жасыл алаңға шықпаса, дәл осындай жағдай «Ливерпуль» құрамынан Джордан Хендерсон, Джозеф Гомес, Кивин Келлехер, Вирджил ван Дейк Жоэль Матип, Тайво Авонийи басында кездесіп отыр.

Ойында неміс маманы Феликс Брих бас қазы болса, оған Марк Борш пен Штефан Лупп көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - Тобиас Штилер.

Екі команда бұған дейін бес мәрте кездесті. Оның үшеуінде испандық клубтың мерейі үстем болса, екеуінде ағылшындар жеңіске жетті.


Соңғы жаңалықтар