Футболдан Чемпиондар лигасы: «Астананың» қарсыласы белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында футболдан UEFA Чемпиондар лигасы 2020/2021 жылғы кезеңінің бірінші іріктеу сатысының жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық «Астана» командасына жарыстың алғашқы сатысында Беларусьтің «Динамо» (Брест) командасы қарсылас атанды. Турнирдің алғашқы сатысындағы ойындар 18 және 19 тамыз күндері өткізіледі. «Астана» еурокубоктағы алғашқы кездесуін сырт алаңда бастайды.

Естеріңізге сала кетелік, жарыстың аталған сатысындағы жеңімпаз бір ғана ойын арқылы анықталады. Жеңімпаз Чемпиондар лигасының екінші сатысына жолдама алады. Жеңілгені Еуропа лигасының екіншісі сатысында бақ сынайды.

«Астана» біздің еліміздің атынан алтыншы жыл қатарынан Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түсіп келеді. Мәселен, 2015/2016 жылғы кезеңде аталмыш турнирдің топтық кезеңіне дейін жетті. Одан кейінгі үш жылда екі мәрте үшінші іріктеу кезеңінен аса алмаса, бір мәрте плей-офф кезеңіне дейін барды. Нәтижесінде оларға соңғы үш жылда Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік берілді. Одан сүрінбей еткен елордалықтар топтық кезеңінде ел намысын қорғады. Ал 2016/2017 жылғы кезеңде жарыстың 1/16 финалына дейін жетті.

«Динамо» (Брест) 1960 жылы құрылған. Өткен жылы өз тарихында тұңғыш рет Беларусь чемпионы атанды. Сондай-ақ, 1992 жылы өз елінде қола жүлдегер болды.


Соңғы жаңалықтар