Футболдан Чемпиондар лигасы: «Астана» қарсыласын жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы бірінші кезеңі басталды. Спорттық додада елордалық «Астана» өз алаңында Румынияның ЧФР командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетелік, «Астана» айтулы аламанда биыл бесінші жыл қатарынан бақ сынап отыр. Бұдан бұрынғы жылдарда бір мәрте УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде С тобында сынға түсті. Қалған жылдарда аталмыш турнирдің үшінші және плей-офф кезеңдерінде сүрініп, нәтижесінде УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңінде ойнады.

ЧФР командасы да осал қарсылас емес. Соңғы жылдарда еурокубок ойындарында жиі бой көрсетіп келеді. Аталмыш клуб Клуж-Напока қаласының намысын қорғайды. 1907 жылы құрылған команда ғасырлық тарихында толайым табысымен мақтана алмайды. Румынияның бірінші лигасында бүгінгі күнге дейін бар-жоғы 13 мәрте бақ сынаған олар соңғы жылдарда жүлдегерлер қатарынан тұрақты түрде көрініп келеді. Бүгінгі күнге дейін бес мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді.

«Астананың» бас бапкері Роман Григорчук бірінші минуттан негізгі құрамда Ненад Эрич, Антонио Рукавина, Лука Шимунович, Евгений Постников, Абзал Бейсебеков, Иван Маевский, Юрий Логвиненко, Рунар Мар Сигурьонссон, Дорин Ротариу, Роман Муртазаев және Марин Томасов секілді шәкірттеріне сенім білдірді. Ал ЧФР құрамында жасыл алаңға Гедрюс Арлаускис, Камора, Пауло Винисиус, Андрей Буркэ, Михай Бордеяну, Матео Сушич, Хуан Кулио, Овидиу Хобан, Чиприан Дяк, Константин Пэун және Билель Омрани шықты.

Бүгінгі кездесуге қос команда да тас-түйін дайындықпен шыққан секілді. Бұрын бір-бірімен шеберлік байқасып көрмеген екеуі ұрымтал сәттерді күтіп жүрді. «Астана» ойын тізгінін қолға ұстауға тырысты. Шабуыл шебінде көбірек бой көрсетті.

Десе де алғашқы минуттарда ЧФР командасының ойыншылары біздің қақпа маңын жиі торуылдады. Бірінші кезеңнің екінші минутында румындар біздің қақпаға алғашқы соққысын жасады. Ол қақпадан биік кетті. Ал 11-минутта ЧФР сапынан Хуан Кулио айып добын орындаған еді. Оның тепкен добы да діттеген мақсатына жете алған жоқ. Ойынның 15-минутында «Астана» қауіпті сәттер ұйымдастырды. Ал 30-минуттарда біздің жігіттер қарсыластар қақпасы маңында жылдам қимылдап, румындық қорғаушыларға біраз жұмыс тауып берді. Бірінші кезең 0:0 есебімен аяқталды.

Екінші кезеңде де ойын тартысты өрбіді. Румын командасынан Константин Пэун айып добын орындаған еді. Оның тепкен добы қақпадан биік ұшты. Ал 57 минутта «Астана» ойыншысы Дорин Ротариу румын қақпашысының шеберлігін тексеріп көрді. Ойынның 65-минутынан бастап біздің жігіттер біршама басым ойнады. Нәтижесінде 68-минутта қарсыластар қақпасына гол соғылды. Оң қанаттан берілген бұрыштама добын «Астана» қорғаушысы Евгений Постинников қақпаға соғып кетті. Ал 80-минутта ЧФР футболшысы Билель Омрани ашық тұрған қақпаға гол соға алған жоқ. Осылайша «Астана» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Енді қарымта ойын 17 шілдеде Румынияда өткізіледі. Жарыстың келесі сатысына қай команда шығатыны содан кейін анықталады.

Сондай-ақ, 10 және 11 шілде күндері УЕФА Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінің ойындары басталады. Қостанайдың «Тобылы» 10 шілдеде сырт алаңда Люксембургтің «Женесс Эш» клубымен кездеседі. Ал 11 шілдеде Шымкенттің «Ордабасысы» Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) клубын қабылдаса, Алматының «Қайраты» сырт алаңда Босния және Герцоговинаның «Широки Бриег» клубымен шеберлік байқасады.



Фото: vk.com/astanafootballclub

Соңғы жаңалықтар