Футболдан Чемпиондар лигасы: «Астана» ЧФР командасын жеңе ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі басталады. Дүбірлі додада біздің еліміздің атынан сынға түсетін елордалық «Астана» өз алаңында Румынияның ЧФР командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» айтулы аламанға биыл бесінші жыл қатарынан қатысқалы отыр. Бұдан бұрынғы жылдарда бір мәрте УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде С тобында сынға түсті. Қалған жылдарда аталмыш турнирдің үшінші және плей-офф кезеңдерінде сүрініп, нәтижесінде УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңінде бақ сынады. Алғашқы үш жылда болгар маманы Станимир Стоилов командаңа бапкерлік жасаса, былтыр оны жергілікті бапкер Григорий Бабаян атқарды. Биыл «Астанаға» украиналық Роман Григорчук бапкерлік жасап жүргені белгілі.

Румыниялық клуб - еурокубок ойындарында жиі ойнап жүрген тәжірибелі ұжымның бірі. ЧФР командасы Клуж-Напока қаласының намысын қорғайды. 1907 жылы құрылған команда ғасырлық тарихында толайым табысымен мақтана алмайды. Румынияның бірінші лигасында бүгінгі күнге дейін бар-жоғы 13 мәрте бақ сынаған олар соңғы жылдарда жүлдегерлер қатарынан тұрақты түрде көрініп келеді. Бүгінгі күнге дейін бес мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді. Алғаш 2007/2008 жылғы кезеңде алтыннан алқа таққан аталмыш команда 2009/2010, 2011/2012, 2017/2018, 2018/2019 жылдарда чемпиондық тұғырға көтерілді. Айта кетерлігі, бұдан бұрын Румынияда ел астанасы - Бухарест қаласының командалары ғана жеңімпаз атанып келген еді. Сондай-ақ, УЕФА Чемпиондар лигасында да сол клубтар бақ сынап келді.

ЧФР аталмыш турнирге қатысқан алғашқы үш кезеңде де топтық кезеңге дейін жетті. Былтыр ғана екінші іріктеу кезеңінде Швецияның «Мальме» командасына жол беріп (0:1, 1:1), УЕФА Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Онда Арменияның «Алашкерт» клубын (5:0, 2:0) орта жолда қалдырып кетті. Есесіне жарыстың келесі сатысында Люксембургтің Ф91 командасына есе жіберіп (0:2, 2:3) қойды.

Қазіргі таңда команда құрамында Испания, Португалия, Хорватия, Босния және Герцоговина, Аргентина, Мали, Бразилия, Венесуэла елдерінің футболшылары доп тебеді. Командаға белгілі румын бапкер Дан Петреску жетекшілік етеді. Ол қазақстандық жанкүйерлерге Ресейдің «Кубань», «Динамо» (Мәскеу) командаларына бапкерлік жасауымен жақсы танымал.

Дан Петреску алдағы ойында өз командасы жеңіске жетуге бар күшін салатынын жеткізді. «Астана» сапынан бірқатар футболшылар өздеріне қиындық алып келуі мүмкін екенін жасырған жоқ.

«Астана» командасы да алдағы кездесуге зор үміт артып отыр. Команда құрамына бірқатар жаңа ойыншылар шақырылды. Атап айтқанда, исландиялық Рунар Сигурьонссон, Конго Демократиялық Республикасынан Фирмин Мубеле келді. Екеуі де Еуропа клубтарында доп тепкен тәжірибелі ойыншылардың бірі саналады.

Аталмыш кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 19.00-де басталады. Ойын QazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, 10 және 11 шілде күндері УЕФА Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінің ойындары басталады. Қостанайдың «Тобылы» 10 шілдеде сырт алаңда Люксембургтің «Женесс Эш» клубымен кездеседі. Ал 11 шілдеде Шымкенттің «Ордабасысы» Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) клубын қабылдаса, Алматының «Қайраты» сырт алаңда Босния және Герцоговинаның «Широки Бриег» клубымен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар