Футболдан әлем чемпионатында Сенегал құрамасы Қатарды жеңіп кетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының А тобында Сенегал құрамасы Қатардан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы турда Қатар құрамасы Эквадорға, Сенегал Нидерландқа 0:2 есебімен жол берді.

Сондықтан бүгінгі кездесудің екі құрама үшін де маңызы ерекше болатын. Бұл жолы сенегалдық футболшылар сауатты ойын өрнегін көрсете білді.

Бірінші кезеңнің 41-минутында сенегалдық Булайе Диа мергендігімен көзге түссе, 48-минутта Фамара Дьедиу есепті үстемелей түсті.

Қатарлық құрама сапынан Мохаммед Мунтари 78-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Осылайша ол өз құрамасының әлем чемпионаты финалдық сатысындағы тұңғыш голының авторы атанды.

Бұдан кейін сенегалдық Бамба Дьенг 84-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша Сенегал құрамасы Қатардан 3:1 есебімен басым түсті.

Енді аталған топтағы Нидерланд пен Эквадор елорда уақытымен 22:00-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, бүгін В тобындағы Иран құрамасы Уэльстен басым түсті.

Осы топтағы Англия мен АҚШ ойыны елорда уақытымен 01:00-де «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Фото: Getty Images/Global Images Ukraine


Соңғы жаңалықтар