Футболдан әлем чемпионатында поляк қақпашысы сейв жасау жөнінен көш бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Польша құрамасының қақпашысы Войцех Щенсны сейв жасау жөнінен көш бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Поляк қақпашысы С тобында өткен екі матчта қақпасына доп өткізбей, сейв санын 9-ға жеткізді.

Бүгін Сауд Арабиясымен өткен матчта В.Щенсны өз қақпасын бес рет аман алып қалды. Соның ішінде Салем Аль-Давсаридің 11 метрлік айып добын қайтарды.

Бұдан бұрын Мексикамен өткен бірінші ойында В.Щенсны төрт рет соққыны қақпаға дарытпады.

В.Щенсныдың Италия чемпионатында «Ювентус» (Турин) клубының қақпасын қорғайтыны мәлім.

Польша – Сауд Арабиясы матчында тағы бір тарихи дерек тіркелді. Польша құрамасының сұрмергені Роберт Левандовски әлем чемпионатының финалдық кезеңіндегі алғашқы голын соқты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан әлем чемпионатында Иранның соңғы минуттарда Уэльсті жеңіп кеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Нидерланд пен Эквадор құрамалары тең тарқасса, Аустралия Тунисті тізе бүктірді.

Польша құрамасы Сауд Арабиясынан басым түсті.


Фото: Сафонов Александр/championat.com
Соңғы жаңалықтар