Футболдан Әлем чемпионатына арналған 100 теңгелік монета шықты

2022 жылғы 2 желтоқсан, 17:04
Футболдан Әлем чемпионатына арналған 100 теңгелік монета шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда «Спорт» монеталар сериясынан FIFA WORLD CUP QATAR 2022 коллекциялық монеталар айналымға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Монеталар Қазақстан Ұлттық банкі, Қазақстан монета сарайы мен MDM неміс нумизматика компаниясы арасындағы үшжақты келісім аясында шығарылды. Сатылымға түсетін датаны Ұлттық банк қосымша хабарлайтын болады.

FIFA WORLD CUP QATAR 2022 монеталарының дизайнын FIFA Халықаралық футбол федерациясы бекіткен. Шақада рельефті орташа деңгейде алтынмен жалату бойынша жаңа технология қолданылып отыр. Ол монеталық өндірісте алғаш рет пайдаланылды және доптың көлемін бөліп көрсетуге мүмкіндік береді.

Коллекциялық монеталар алтын жалату технологиясы қолданыла отырып, 925/1000 сынамалы күмістен жасалды. Массасы 20 грамм, диаметрі 37 мм, номиналы 100 теңгелік, жалпы таралымы 4 мың дана. Ішкі нарық үшін таралымы – 3 650 дана, сыртқы нарық үшін – 350 дана.

Шақалар Қазақстанның бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнымен төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады.


Фото: nationalbank.kz

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar