Футболдан Әлем чемпионаты: Уругвай Ресейді ірі есеппен жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем біріншілігі аясында топтық кезеңдегі А тобында Уругвай мен Ресей құрамалары кездесті. Бұл ойында Уругвай басымдық танытып, алаң иелерін 3:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос құрама да алғашқы екі турда жеңіске жеткен еді. Уругвай қос кездесуде де жалғыз голдан енгізді. Алдымен Египетті, содан кейін Сауд Арабиясын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Ал Ресей Сауд Арабиясын 5:0, Египетті 3:1 есебімен жеңіп, өздерін топтан шыға ала ма деп уайымдаған жанкүйерлер көңілін бір демдеп қойған болатын. Сондықтан олар Уругваймен ойында тек кімнің мықты екенін дәлелдеу үшін ғана жасыл алаңға шығуы қажет еді. Жолдама тағдырын ертерек шешіп қойғаннан кейін құраманың бас бапкері Станислав Черчесов құрамда бірқатар өзгерістер жасады. Алғашқы минуттан негізгі құрамда Федор Кудряшов, Игорь Смольников, Алексей Миранчук шықты. Бұдан бұрын «Ресей мен Уругвай топтың мықтысын анықтайды» деген тақырыпта мақала ұсынған едік.

Кездесу бірден-ақ шабуылмен басталды. Уругвайлықтар 2-минутта алаңның орталық шебінен шабуылға көшті. Весино Фалеро шамамен 27-метрдей жерден қақпаға соққы бағыттаған еді. Ол қақпа бағанасынан біршама қашық кетті. Бұдан кейін де Оңтүстік Америка құрлығының өкілдері жасыл алаң төрінде басымдығын байқатып тұрды. Ойынның 7-минутында орыстар да шабуылға шықты. Қорғаушы Илья Кутепов шабуылшы Артем Дзюбаға алыстан әдемі пас берді. Дегенмен Артем Дзюбаның іліп әкетуіне уругвайлық қорғаушылар кедергі келтірді. Уругвай шабуылшысы Луис Суарес 10-минутта өзінің мүмкіндігін голға айналдырды. Сол сәтте айып добын орындаған Луис Суарестің тепкен добына ресейлік қақпашы Игорь Акинфеев ешқандай амал қолдана алған жоқ.

Арада екі минуттай өткенде Ресейдің есепті теңестіретін мүмкіндігі болды. Артем Дзюба қарсыластар қақпасы маңында әріптесі Дения Черышевқа әдемі пас берген еді. Черышев оны қақпаға бағыттағанмен, уругвайлық қақпашы Фернандо Муслера оны сыртқа шағырып үлгерді. Бұдан кейін қос құрама арасында гол соғатын бірнеше мүмкіндіктер кездесті. 23-минутта өз алаңында Денис Черышев қақпасына гол соғып алды. Ал бірінші кезеңнің 36-минутында тәртіп бұзып, ресейлік қорғаушы Игорь Смольников  екінші мәрте сары қағаз алды. Осының нәтижесінде сенегалдық төреші Маланг Дьедиу оған қызыл қағаз көрсетіп, жасыл алаңнан қуды. Осылайша 0:2 есебімен жеңіліп жатқан ресейліктер енді 1 ойыншымен ғана қалды.

Тоқсан минут түгесілер тұста Эдисон Кавани тағы бір гол соқты. Есеп 3:0. А тобында бірінші орын Уругвай құрамасына бұйырды. Ол енді В тобында екінші орын алған құрамамен 30 маусымда кездеседі.

Екінші кезеңде қос құрама бірнеше қауіпті сәттерді ұйымдастырды. Әрине, Уругвай құрамасының басымдығы аңғарылды. Бұл топтағы Сауд Арабиясы мен Египет арасындағы кездесуде 2:1 есебі тіркелді. Үшінші орын Сауд Арабиясына бұйырса, Египет төртінші орынды місе тұтты. 

Сондай-ақ, бүгін В тобында Иран мен Португалия («Qazaqstan». 00.00), Испания мен Марокко («Qazsport». 00.00)   құрамалары шеберлік байқасады.

 

Соңғы жаңалықтар