Футболдан әлем чемпионаты: Хорватия Бразилияға қауқар көрсете ала ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін, 9 желтоқсанда жартылай финалға берілетін алғашқы жолдаманы Хорватия мен Бразилия сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу елорда уақытымен 21.00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ойын Эр-Райян қаласындағы 45 мың орынға арналған «Эдьюкейшн Сити» стадионында өтеді.

Бас төреші – англиялық Майкл Оливер. Оған отандастары Стюарт Бёрт пен Гари Бесвик көмекші болады. Қосалқы төреші – алжирлік Мустафа Горбаль.

FIFA рейтингінде Хорватия – 12, Бразилия 1-орында тұр.

Екі құрама бұған дейін төрт мәрте кездесті. Біреуінде тең нәтиже тіркелсе, екеуінде испаниялық футболшылар басым түсті.

Топтық кезеңде F тобында сынға түскен Хорватия Марокко және Бельгиямен 0:0 есебімен тең түсіп, Канаданы 4:1 есебімен тізе бүктірді. 1/8 финалда Жапониямен 1:1 есебімен тең түсіп, пенальти тебуден мергендік танытты.

Ал G тобында Бразилия Сербияны 2:0, Швейцарияны 1:0 есебімен жеңіп, Камерунға 0:1 есебімен жол берді. Топтық кезеңде Оңтүстік Кореяны 4:1 есебімен қапы қалдырды.

Әлем чемпионатында Хорватия 1998 жылы қола алса, 2018 жылы күміс жүлдегер атанды.

Бразилия құрамасы 1958, 1962, 1970, 1994, 2002 жылдарда чемпион болды.

Айта кетейік, сондай-ақ 9 желтоқсанда елорда уақытымен 01:00-де Нидерланд пен Аргентина кездесуі «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар