Футболдан әлем чемпионаты-2022: Екінші ойын күнінде үш кездесу өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының екінші ойын күнінде үш кездесу белгіленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А тобында Сенегал - Нидерланды кездесуі елорда уақытымен 22:00- де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сенегал құрамасы дүбірлі додада биыл үшінші мәрте бақ сынауға мүмкіндік алып отыр. 2002 жылы тұңғыш мәрте қатысқанына қарамастан жоғары нәтижеге қол жеткізді. Сол жылы бірінші ойында әлем чемпионы - Франция құрамасынан басым түсіп, жанкүйерлерді таңғалдырған еді. Ал 2018 жылы топтық кезеңнен аса алған жоқ.

Ал Нидерланды футболшылары 2018 жылы әлем чемпионаты финалдық сатысынан тыс қалды. Оған дейін 10 мәрте бақ сынап, 1974, 1978, 2010 жылдары күміс медаль алса, 2014 жылы үздік үштікті түйіндеді.

Сондай-ақ, бүгін В тобында бірінші ойын Англия мен Иран арасында болады. Кездесу елорда уақытымен 19:00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарына тікелей эфирде көрсетіледі.

Ағылшын футболшылары дүбірлі додада биыл 11 мәрте бақ сынамақ. 1966 жылы чемпион атанды. Одан кейін 1990, 2018 жылдарда төртінші орынға тұрақтады. Әзірге бұдан басқа қол жеткен табысы жоқ. Ал Еуропа чемпионатында 2020 жылы вице-чемпион болса, 1968, 1996 жылдарда қола жүлдеге қол созды.

Ал ирандық футболшылар әзірге әлем чемпионатында үлкен жетістігімен қуанта алмайды. 1978, 1998, 2006, 2014, 2018 жылдарда топтық кезеңнен асқан жоқ.

Аталған топтағы тағы бір кездесу АҚШ пен Уэльс арасында елорда уақытымен 01:00-де басталады. Оны «Qazsport» телеарнасынан тамашалауға болады.

Американдық құрама өз тарихында биыл 11 мәрте әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды. Әзірге 1930 жылы алған қола медаль үлкен жетістігі ретінде бағаланады. Олар 1990 жылдан бері дүбірлі додаға тұрақты қатысып келе жатқан еді. 2018 жылы аталған ірі жарыстан тыс қалып қойды. АҚШ құрамасы 2002 жылы 1/4 финалға дейін жетті.

Ал Уэльс 1950, 1958 жылдарда әлем чемпионаты финалдық сатысында бақ сынады. 1958 жылы 1/8 финалға дейін жетті. Содан кейін дүбірлі додадан тыс қалып келді.

Еске салсақ, футболдан әлем чемпионатының алғашқы ойынында Қатар құрамасы Эквадордан жеңіліп қалды.

Сондай-ақ, аталған кездесу барысында итальяндық Даниэле Орсато бас төреші қызметін атқарды.

Фото: azertag.az


Соңғы жаңалықтар