Футболдан ӘЧ: Жапония мен Сенегал құрамалары тең тарқасты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Екатеринбург қаласында әлем чемпионатының Н тобында Жапония мен Сенегал командалары жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші турда қарсыластарын тізе бүктіріп, үш ұпайға ие болған қос құрама үшін бұл кездесу де маңызды еді. Сондықтан олардың плей-офф бәсекелеріне берілетін жолдама үшін барын салатыны анық-ты. Өйткені бұл топтағы Польша мен Колумбия мықты командалар санатында.

Италиялық Джанлука Рокки қазылық еткен матчта Жапония бапкері Акиро Нисино мына шәкірттеріне үміт артты: Эйдзи Кавасима (қақпашы), Гэн Сёдзи, Хироки Сакаи, Мая Ёсида, Юто Нагатомо, Гаку Сибасаки, Гэнки Харагути, Такаси Инуи, Макото Хасэбэ (капитан), Синдзи Кагава, Юя Осако.

Бұған Сенегалдың жаттықтырушысы Алиу Сиссе өзі сенетін ойыншыларын қарсы қойды: Хадим Ндиайе (қақпашы), Калиду Кулибали, Салиф Сане, Юссуф Сабали, Мусса Ваге, Идрисса Гейе, Альфред Ндиайе, Баду Ндиайе, Исмаила Сарр, Мбай Ньянг, Садио Мане (капитан).

Жапония - Азиядағы ең азулы командалардың бірі. 1968 жылы Мехико олимпиадасының қола жүлдегері болған жапондар 2002 және 2010 жылғы әлем чемпионаттарында ғана плей-офф кезеңіне өте алды. Қазіргі кезде құрамада Еуропа чемпионаттарында доп тебетін тәжірибелі ойыншылар жетерлік.

Сенегал үшін Алиу Сиссенің жөні бөлек. 2002 жылғы дүниежүзілік додаға тұңғыш рет қатысқан сенегалдықтар өз капитаны Сиссенің бастауымен айды аспанға шығарып, сол кездегі әлем чемпионы Францияны 1:0 есебімен ұтты. Содан кейін топтан шығып қана қоймай, ширек финалға дейін жеткен сенегалдықтар сол чемпионатта қола жүлдегер атанған Түркия командасына ғана есе жіберді. Сенегал Африка командалары ішінде Камерунның 1990 жылғы ерлігін қайталады. 2010 жылы мұндай нәтижеге Гана да қол жеткізді. Міне, арада 16 жыл өткенде, 42 жасар А.Сиссе команда бапкері ретінде әлем чемпионатына келіп отыр.

Ойын сенегалдықтардың қарқынды шабуылдарымен басталды. Сенегалдық футболшылардың техникалық шеберлігі жоғары екендігі көрініп тұрды. Жапондық қақпашы Кавасима 11-минутта Сабалидың соққысынан кейін допты қайтарамын деп, Сенегал капитаны, Англияның «Ливерпуль» клубында биыл жасындай жарқылдаған Садио Маненің аяғына салып берді - 1:0.

Айта кетерлігі, кей тұстарда Садио Маненің (оның туған ағасы, шабуылшы Малик Мане Оралдың «Ақжайығында» ойнайды) допты бағындырудағы шеберлігі көз сүйсіндірді.

Жапония құрамасы таразы басын теңестіруге тырысып бақты. Сөйтіп 34-минутта дегендеріне жетті. Нагатомо алыстан берілген допты әдемі тоқтатып, Инуиға сырғытты. Такаси қақпа бұрышын дәл көздеді - 1:1.

Бес минуттан кейін оң қанаттан жекедара суырылып шыққан Ньянгтың соққысын Кавасима қайтара білді.

Екінші тайм да Сенегалдың шабуылдарымен басталғанымен, жапондар да қарап қалған жоқ. Бірнеше рет қақпаға қауіп төндіре білді. Әсіресе, 64-минутта Осаканың өкшемен берген пасынан кейін Инуи тепкен доп қақпа маңдайшасына тиіп, асып кетті. Осылайша жапондықтардың батырына айнала жаздаған Инуи арада үш минут өткенде, айып алаңына таман сенегалдық Сарды шалып жығып, ескерту алып қалды.

71-минутта Сенегал әдемі комбинациядан кейін гол соғып, тағы алға шықты. Қорғаушы Сабали сол қанаттан айып алаңына кіре беріп, допты асырды. Ньянг оны тағы бір қорғаушы Мусса Вагеге сырғытты. Ваге шірене тепті - 2:1.

Бұдан кейін жапондар алға ұмтылды. 78-минутта сенегалдық қорғаушылардың қателігінен кейін Инуидан келген допты алаңға тыңнан қосылған, бұрын Мәскеудің ЦСКА командасында өнер көрсеткен Кэйсукэ Хонда бос қалған қақпаға сүңгіте салды - 2:2. Бұл жерде ойыншыларды дер кезінде алмастырған жапондық бапкер Акиро Нисиноның тактикасы өз жемісін берді.

Осылайша керемет ойын өрнегін көрсетіп, тең тарқасқан қос құраманың да еншісінде 4 ұпайдан бар. Бұл - Н тобында жолдама үшін тартыс одан сайын қыза түсті деген сөз.

Еске сала кетейік, Н тобында бүгін түнде Қазан қаласында Польша - Колумбия жеңіс үшін жан алып, жан беріскен бәсекеге түседі. Өйткені әзірге бірде-бір ұпайға қол жеткізбеген олардың шегінер жері жоқ. Соңғы турда 28 маусым күні Волгоградта Жапония - Польша, Самарада Сенегал - Колумбия құрамалары өзара сынға түседі.

Бір қызығы, Волгоград пен Самара өңірлері Батыс Қазақстан облысымен шектеседі. Волгоград Бөкей ордасы ауданынан, ал Самара Орал қаласынан 250 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Сондықтан бұл ойындарды алдын ала қам жасаса, қазақстандық жанкүйерлер де тамашалай алады. 

Соңғы жаңалықтар