Футболдан ӘЧ: Тони Кроос ең соңғы минутта Германия құрамасына жеңіс әперді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем чемпионатының F тобында Сочиде Германия мен Швеция құрамалары жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл ойын, әсіресе, әлем чемпионы Германия құрамасы үшін аса маңызды еді. Бірінші турда Мексикаға 0:1 есебімен жол берген немістерге шегінер жол жоқ еді. Ал шведтер Оңтүстік Кореяны дәл сондай есеппен тізе бүктірген болатын.

Германия ФИФА рейтингісінде көш бастаса, Швеция 24-інші орында тұр. Қос құрама бір-бірімен жолдары ең көп тоқайласқан командалар болып есептеледі. Олар осыған дейін 36 кездесу өткізсе, соның 15-інде немістер, 12-сінде шведтер жеңіске жеткен, 9 ойын тең аяқталған.

Германияны 2006 жылдан бері жаттықтыратын сыралғы маман Йоахим Лёв бұл жолы құрамаға біраз өзгеріс енгізіп, мына ойыншыларды қосты: Мануэль Нойер (қақпашы әрі капитан), Йозуа Киммих, Жером Боатенг, Антонио Рюдигер, Йонас Гектор, Тони Кроос, Себастьян Руди, Юлиан Дракслер, Марко Ройс, Томас Мюллер, Тимо Вернер.

Швециялық бапкер Янн Андерссон Германияға өз сайыпқырандарын қарсы қойды: Робин Ульсен (қақпашы), Микаэль Лустиг, Виктор Линделёф, Андреас Гранквист (капитан), Людвиг Аугустинссон, Альбин Экдаль, Себастиан Ларссон, Виктор Классон, Эмиль Форсберг, Ула Тойвонен, Маркус Берг.

Поляк Шимон Марчиняк төрелік еткен ойын Германияның шабуылымен басталды. Киммихтің оң қанаттан берген добын Ульсен қайтарғанымен, Дракслердің қауіпті соққысына Ларссон тосқауыл қоя білді. Одан кейін Гектордың тепкен добы Гранквисттен қайтты.

Немістер қатты қысқанымен, шведтер қарап қалған жоқ. 12-минутта құстай ұшып, Германияның айып алаңына жекедара енген сәтінде Маркус Бергті Боатенг итеріп құлатты. Алайда Ш.Марчиняк 11 метрлік нүктеге нұсқай қойған жоқ. Бұл шведтердің наразылығын туғызды.

Күтпеген жерден 32-минутта шведтер есеп ашты. Тони Кроос командаласына емес, қарсыласына пас беріп қойғаннан кейін қарымта шабуыл кезінде айып алаңына кірген Ула Тойвонен допты Нойнерден асырып тастай салды - 1:0.

Ойын әбден қызды. 39-минутта осының алдында Рудидің орнына шыққан Илкай Гюндоган мен Мюллердің соққыларынан кейін Ульсен екі мәрте қақпасын аман алып қалды. Бірінші таймның ең соңғы секундтарында Бергтің соққысын Нойер де қайтарып үлгерді.

Екінші таймда Йоахим Лёв Дракслерді алып тастап, шабуыл шебіне Вернердің қасына Марио Гоместі қосты. 48-минутта Германия таразы басын теңестірді, Вернердің айып алаңына бағыттаған добы Гомеске тиіп барып, Марко Ройстың тізесінен қақпаға еніп кетті. Іле-шала тағы бір голдың соғылуына сәл-ақ қалды. 61-минутта Ройс қақпа алдында өкшемен тебемін деп, қапы қалды. Ұрымтал сәтте мұндай «өнердің» қажеті жоқ еді.

Германия қарқынды одан сайын күшейтті. Алайда дөрекі ойнап, 82-минутта екінші ескерту алған Боатенг алаңнан қуылды. Соған қарамастан, немістер шабуылдауын тоқтатқан жоқ. 88-минутта Гоместің баспен бағыттаған соққысын Ульсен қайтарды.

Төреші қосымша бес минут қосты. 92-минутта алаңға тыңнан қосылған Юлиан Брандттың соққысы қақпа жақтауынан қайтты.

Дегенмен 95-минутта Тони Кроос айып соққысын дәл орындай білді - 2:1.

Айта кетейік, бұған дейін F тобында Мексика 2:1 есебімен Оңтүстік Кореяны ұтқан болатын. Бірде-бір ұпай алмаған оңтүстіккореялықтар жолдамадан үміттерін үзді. Мексиканың қоржынында 6 ұпай болғанымен, бұл топта қос жолдама мәселесі әлі шешілген жоқ. Германия мен Швецияның еншісінде үш ұпайдан бар. Бұл топтан плей-офф бәсекесіне шыққандар 27 маусым күні сәйкесінше Қазан мен Екатеринбургте өтетін Оңтүстік Корея - Германия, Мексика - Швеция кездесулерінде анықталады. Мексикаға тең ойын жеткілікті. Германия Оңтүстік Кореяны, Швеция Мексиканы жеңсе, онда доп айырмасы да есептеледі.

Соңғы жаңалықтар