Футболдан ӘЧ: Швейцария Сербияны ұтып кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем чемпионатының Е тобында Калининград қаласында Сербия мен Швейцария құрамалары жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші турда Сербия Коста-Рика құрамасын 1:0 есебімен ұтып, өз тобында алға шықса, Бразилия мен Швейцария ұпай бөліскен еді. Сондықтан бұл ойында сербиялықтар жеңсе, плей-офф жолдамасына күні бұрын иелік ететіні анық-ты.

Аса тартысты ойын тез соғылған голмен басталды. Сербиялық Александар Митрович бастапқыда швейцариялықтардың қақпашысы Янн Зоммерден айласын асыра алмағанмен, тауы қайтқан жоқ. Іле-шала оң қанаттан Душан Тадичтің әуелете асырған добын Митрович баспен қақпаға дәл түсірді. Осылайша 5-минутта Сербия 1:0 есебімен алға шықты.

Швейцариялықтар да қарап қалмай, 10-минутта Рикардо Родригестің пасынан кейін Блерим Джемайли соққан доп қақпадан қиыс кетті. Сербиялықтар саспай, әсіресе, Митрович швейцариялықтардың қақпасына қауіп төндіріп бақты. 30-минутта Стивен Цубердің пасынан кейін Джемайлидің қауіпті соққысын  сербиялық қақпашы Владимир Стойкович қайтарып, сэйв жасады.

Бірінші таймның соңына таман сербиялықтар басымдылық көрсетіп, Тадичтің бұрыштамадан берген добын әуелі Душко Тошич, сосын Неманья Матич пайдалана алмады. Содан кейін Тадичтің өзі соққан доп қақпадан жоғары кетті.

Екінші таймда Владимир Петкович жаттықтыратын швейцарлықтардың шабуыл шебінде өзгеріс болып, белсенділігімен таныла алмаған Харис Сеферовичтің орнына Марио Гавранович шықты. Арада жеті минуттай уақыт өткенде, шабуылмен әуестенген сербиялықтар санын соғып қалды. Қарымта шабуыл кезінде Джердан Шакиридің соққысынан кейін қорғаушыға тиіп, кері серпілген допты Лондонның «Арсеналында» ойнайтын Гранит Джака қақпаға шегеше қадады - 1:1. Тағы бір супермүмкіндік - 58-минутта Шакиридің өзі соққан доп қақпа жақтауына тиіп, алаңнан шығып кетті.

Ойын тізгіні шәкірттерінің уысынан шығып бара жатқанын түсінген Сербияның бас бапкері Младен Крстаич Филип Костичтің орнына Адем Ляичті тыңнан қосты. 68-минутта команда капитаны Александар Коларовтың пасын Митрович түйіндеп үлгермеді.

Бұдан кейін, әсіресе, швейцариялықтар қақпаға көбірек қауіп төндірді. Өзімен жекедара шыққан Гаврановичтің соққысын Стойкович қақшып ала білді.

90-минутта сербиялықтардың сәтсіз шабуылынан кейін қақпаға жекедара  шыққан Шакири жеңіс голын соғып кетті - 2:1.

Еске сала кетейік,  бұдан бұрын Сербия мен Швейцарияның екеуі де мықты командалар екенін жазған болатынбыз.

Кеше Коста-Риканы 2:0 есебімен тізе бүктірген Бразилия төрт ұпайға ие болған еді. Швейцарияда сонша ұпай болса, Сербияның қоржынында - 3 ұпай. Екі ойынында да жеңіліс тапқан Коста-Рикада ғана ұпай жоқ. Сондықтан қос жолдамадан Бразилия, Швейцария, Сербия командалары үмітті. Бұл ретте топтың аутсайдерімен кездесетін швейцариялықтардың жағдайы жаман емес. Бразилияға жолдама алу үшін тең ойын да жеткілікті. Сөйтіп 27 маусым күні өтетін соңғы турда Мәскеуде Сербия - Бразилия, Нижний Новгородта Швейцария - Коста-Рика құрамалары өзара сынға түсіп, плей-офқа өткен қос команда анықталады.

 

Соңғы жаңалықтар