Футболдан ӘЧ: Сербия мен Швейцарияның қайсысы мықты?

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Бүгін түнде Калининград қаласында Е тобында Сербия мен Швейцария құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Германиялық Феликс Брых төрешілік ететін ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00.00-де басталады.

Бірінші турда Сербия құрамасы Коста-Рика құрамасын 1:0 есебімен тізе бүктірсе, Швейцария бес мәрте әлем чемпионы Бразилиямен тең ойнады (1:1). Қазіргі таңда Сербияның қоржынында 3, швейцарлықтарда 1 ұпай болғанымен, Владимир Петкович шәкірттерінің жағдайы жаман емес. Өйткені соңғы турда Швейцария Коста-Рикамен күш сынасса, Сербияға Бразилияға төтеп беруге тура келеді. Сондықтан бұл екінші жолдама үшін шешуші ойын деп есептеуге болады.

Егер Младен Крстаич жаттықтыратын Сербия құрамасы Швейцарияны ұтса, 6 ұпай жинап, плей-офф бәсекесіне жолдама алады. Швейцарияға тең ойынның өзі қолайлы болуы мүмкін.  Онда швейцарлықтарға соңғы ойында костарикалықтарды кемінде екі доп айырмасымен ұтуы керек. Бұлай болып жатса, сербиялықтарды бразилиялықтармен тең ойын да құтқармайды. Сондықтан олар үшін жеңістің бәсі жоғары.

Соңғы жеті ойында Сербия тек бір рет жеңіліс тауып, бесеуінде жеңіске жеткен, бір матч тең аяқталған. Швейцариялықтар жеті ойынның төртеуінде ұтып, үшеуінде таразы басы тең болған. Бұған дейін қос құрама өзара кездескен жоқ.

Командалар шамамен мынадай құрамда шығуы мүмкін. Сербия: Стойкович - Иванович, Миленкович, Тошич, Коларов, Матич, Миливоевич, Милинкович-Савич, Льяич, Тадич, Митрович.

Швейцария: Зоммер - Лихтштайнер, Шер, Аканджи, Родригес, Бехрами, Джака, Шакири, Джемайли, Цубер, Сеферович.

Айта кетейік, бұл бәсекеге дейін Бразилия - Коста-Рика матчының нәтижесі анықталады. Егер футбол мамандары осы топта осалдау деп есептеп жүрген костарикалықтар айды аспанға шығарып жатса, онда тіпті қызық болады. 

Соңғы жаңалықтар