Футболдан ӘЧ: Сенегал мықты ма, Жапония ма?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Екатеринбург қаласында Н тобында Жапония мен Сенегал командалары сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жапония мен Сенегал бірінші турда айды аспанға шығарып, өздерінен әлдеқайда мықты саналатын Колумбия мен Польшаны 2:1 есебімен ұтып кеткен болатын. Енді «Екатеринбург Арена» стадионында өтетін, италиялық төреші Джанлука Рокки қазылық ететін өзара ойында жеңген құрама жолдамаға бір табан жақындай түседі.

Жапондар Колумбиямен кездесуде аутсайдер болғанына қарамастан, үш ұпайды олжалады. Бұған 3-минутта-ақ колумбиялық Карлос Санчестің өз айып алаңында тәртіп бұзып, қызыл қағаз алуы әсер етті. Синдзи Кагава 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ. Хуан Кинтеро айып добын дәл орындап, есепті теңестіргенімен, екінші таймда Юя Осако өз командасына жеңіс әперді.

Бұған дейін Жапония 2002 және 2010 жылдары әлем чемпионаттарының плей-офф кезеңіне шықты. Ол үшін Акиро Нисино шәкірттеріне қалған екі кездесуде кемінде тең ойынға қол жеткізу керек.

Сенегал құрамасы Польшамен бәсекеде мықтылығын танытты. Ойын өрнегі қалыптасқан, ұйымшыл ұжым екендігі көрінді. Керісінше поляктар көп қателесті. Бұл африкалық командалардың биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңісі еді. Осыған дейін дүниежүзілік додаға Сенегал 2002 жылы қатысып, алғашқы матчында сол кездегі әлем чемпионы Франция құрамасын ұтып, ширек финалға дейін жетті. Қазіргі бапкер Алиу Сиссе сол құрамада капитан болған еді. Сондықтан оның өз командасын жеңіске жетелей білетін маман екендігі анық.

Бір қызығы, Сенегал жұлдыздарының бірі, «ливерпульдік» Садио Маненің туған ағасы, шабуылшы Малик Мане Оралдың «Ақжайығында» ойнайды.

Қос команданың алдын ала құрамдары төмендегіше деп айтуға болады.

Жапония: Кавасима - Сакаи, Йосида, Сёдзи, Нагатомо, Хасэбэ, Сибасаки, Харагучи, Кагава, Инуи, Оказаки.

Сенегал: Х.Н'Диайе - Ваге, Кулибали, Сане, Сабали, А.Н'Диайе, Гейе, Сарр, Мане, Сако, Ньянг.

Айта кетейік, Н тобында бүгін түнде Қазан қаласында Польша - Колумбия жасыл алаңға шығады. Бұл командалардың қоржынында ұпай жоқ. Қай жеңгенінің жолдамаға үміті оянады. Тең түссе, жағдайлары қиындай түседі.

Осы матчпен екінші тур ойындары аяқталады. Үшінші тур матчтары ертең басталады. Командалар нәтижені күн ілгері біліп қоймас үшін топтағы соңғы бәсекелер бір уақытқа қойылады.

Фото: www.gettyimages.com

Соңғы жаңалықтар