Футболдан ӘЧ: Роналду Португалия құрамасына жеңіс әперді

None
None
    ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мәскеу қаласында футболдан әлем чемпионатының В тобында Португалия мен Марокко командалары жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші турда Испаниямен тең түскен Португалияға да, сондай-ақ Иранға 0:1 есебімен жол берген Мароккоға да ұпай ауадай қажет еді.

«Лужники» стадионында өткен матчта командалар мынадай құрамда ойнады: Португалия - қақпашы Руй Патрисиу, Седрик, Рафаэл Геррейру, Пепе, Жозе Фонте, Вильям Карвалью, Бернанду Силва, Жоау Моутинью, Гонсалу Гедеш, Жоау Мариу, Криштиану Роналду (команда капитаны). Марокко - Мунир Мохамеди, Ашраф Хакими, Меди Бенатиа (команда капитаны), Мануэл да Кошта, Набиль Дирар, Мубарак Буссуфа, Карим Эль-Ахмади, Юнес Беланда, Хаким Зийех, Нордин Амрабат, Халид Бутаиб.

Кездесу марокколықтардың шабуылымен басталғанымен, 4-минутта-ақ Португалия капитаны Криштиану Роналду биылғы чемпионаттағы өзінің төртінші голын соғып, командасын алға шығарды - 1:0.

Бірінші таймда марокколықтар барын салып, португалиялықтардың қақпасына қауіп төндіргенімен, есеп өзгерген жоқ.

Кездесудің екінші кезеңі де тартысқа толы болды. Қарсыластар алма-кезек шабуылдап, алға ұмтылып бақты. 58-минутта Португалия қақпашысы Руй Патрисиу Беланданың аса қауіпті соққысына тосқауыл қоя білді. 78-минутта айып добынан кейін Бенатианың соққысы қақпадан қиыс кетті.

Португалиялықтар қорғаныс қамын көбірек ойлауға мәжбүр болды. Дегенмен 84-минутта өз айып алаңына таман марокколықтар Роналдуды шалып жықты. Роналдудың тепкен добы ойыншылардан өтпеді.

Ақыры матч Португалияның жеңісімен аяқталды. Португалия ұпай санын 4-ке жеткізсе, екі рет қатарынан 0:1 есебімен ұтылған Марокко плей-офф кезеңіне шығудан үмітін үзді.

Осылайша Роналду дүниежүзілік додадағы мергендер көшінде жекедара алға шығумен бірге өз құрамасы үшін 85-інші голын қарсыластар қақпасына енгізді. Бұл - Еуропадағы ең үздік көрсеткіш.

Еске сала кетейік, В тобында бүгін сондай-ақ Қазан қаласында Иран мен Испания құрамалары кездеседі. Бұдан бұрын Португалия мен Марокко командаларының күш сынасатыны жөнінде жазған болатынбыз. 25 маусым күні Иран-Португалия, Испания-Марокко ойындарынан кейін плей-офф кезеңіне В тобынан шыққан қос команда белгілі болады.


Фото:  Sergei Fadeichev/TASS

Соңғы жаңалықтар