Футболдан ӘЧ: Ресей жартылай финалға шыға алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы уақытта Ресейдің Сочи қаласындағы «Фишт» стадионында футболдан Әлем біріншілігінің 4/1 кезеңінің соңғы ойыны аяқталды. Бұл кездесуде Ресей мен Хорватия құрамалары өзара шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш ойында хорваттар басты фаворит саналды. Бұдан бұрын бұл ойын жайында «Ресей мен Хорватия командалары 4-ші рет кездеспек» деген тақырыпта ақпарат жариялаған едік. Расы керек, олардың құрамында әлемнің беделді клубтарында тер төгіп жүрген футболшылар бар. Испанияның «Реал» (Мадрид) сапында жүрген Лука Модрич пен Италияның «Ювентус» клубында ойнайтын Марио Манджукич талайды сексендіре алатын саңлақтар саналады. Биылғы доп додасында олар өз құрамасындағы әріптестерін жеңіске жетелеп жүрді десек те болады. Бұл кездесуге Хорватияның бас бапкері Златко Далич шәкірттері арасынан Субашич, Ловрен, Стринич, Врсалько, Вида, Перишич, Ракитич, Модрич, Ребич, Крамарич, Манджукич сынды жігіттерге сенім білдірді. Олардың арасында Даниямен өткеннен ойыннан кейін бір ғана өзгеріс бар. Атап айтқанда, Марцело Брозовичтің орнына алғашқы минуттан Андрей Крамарич жасыл алаңға шықты. Ал Ресей құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов төрт қорғаушы жүйесіне қайта оралды. Сондай-ақ, негізгі құрамға Денис Черышев пен Федор Кудряшев келді. Жасыл алаңға орыстар сапынан Акинфеев, Кутепов, Кудряшов, Фернандес, Игнашевич, Кузяев, Зобнин, Головин, Самедов, Черышев, Дзюба шықты.

Ойын басталар сәттен қос құрама да шабуыл шебіне шығуға көңіл бөлді. Алғашқы сәтте Ресей  қарсыластар қақпасы маңында көбірек бой көрсетті. Десе де хорваттар одан кейін бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Алғашқы голды алаң иелері соқты. Ойынның 31-минутында Артем Дзюбаның берген пасынан кейін Денис Черышев Хорватия қақпасынан саңылау тапты. Есеп - 1:0. Бұл ресейліктер үшін қосымша күш қосқандай болды. Дегенмен 39-минутта орыстар қателікке бой алдырды. Сол қанаттан жасалған шабуылға олар төтеп бере алған жоқ. Оны Андрей Крамарич шебер пайдаланып, баспен қақпаға доп бағыттады. Есеп - 1:1. Осының нәтижесінде қос құрама да ашық шабуылға көшті. Бірінші кезең осы есеппен аяқталды.

Екінші кезеңде де есеп өзгере қойған жоқ. Ойын қосымша кезеңге ұласты. Қосымша кезеңнің 100-минутында Домагой Вида Ресей қақпасынан саңылау тауып, өз құрамасын алға шығарды. Ал 115-минутта Ресей сапынан Марио Фернандес таразы басын теңестірді. Есеп - 2:2. Ойын жеңімпазы пенальти тебу арқылы анықталатын болды. Бұл жолы Хорватия мергендік танытты. Осылайша олар араға 20 жыл салып жартылай финалға жолдама алды.  

Бұдан бұрын ширек финал ойындарында Франция Уругвайдан 2:0 есебімен басым түсіп,  одан кейін Бельгия Бразилияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. 7 шілде күні Англия Швецияны 2:0 есебімен  жеңді.

Жартылай финал ойындары 10-11 шілде күндері өтеді. 10 шілдеде Франция мен Бельгия кездессе, 11 шілдеде Англия мен Хорватия шеберлік байқасады. 

Фото: ru.fifa.com/worldcup

Соңғы жаңалықтар