Футболдан ӘЧ: Ресей құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионатының «А» тобындағы кезекті ойын Ресейдің «Санкт-Петербург»  стадионында өтті. Бұл жолы Ресей құрамасы Египет футболшыларын ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу алаң иелерінің жылдам шабуылдарымен басталды. Алдымен Александр Головин мен Денис Черышев алыстан соққы жасады. Мұнан соң тәжірибелі Юрий Жирков пен Артем Дзюба мысырлық қақпашы Эл-Шенавидің дайындығын бір тексерді. Египеттің «жұлдызы» Мохамед Салах бірінші таймның орта шебіне келгенде белсене түсті. Оның жиырма метрдей жерден айналдыра тепкен добы қақпадан сәл қиыс кетсе, артынша Махмуд Хассан Трезегенің соққы жұмсауына мүмкіндік жасады. Тағы да нәтижесіз соққы.  

Екінші таймның басында таблодағы есепке өзгеріс енді. Бүгінгі ойында негізгі құрамға шығуы белгісіз болған Роман Зобнин 47-минутта Египет капитаны Ахмед Фатхиді қателесуге мәжбүр етті. Ресейліктің соққысын қайтаруға ұмтылған Фатхи теңбіл допты өз қақпасына теуіп кіргізіп алды. Өз кезегінде мысырлықтар ашық шабуылға көшті. Әуелі, гол соғатын мүмкіндікті Салах мүлт жіберсе, кезекті сәтте шабуылшы Мохсен таразы басын теңестіруге шақ қалды. Қарымта шабуылға шыққан ресейліктер өздерінің екінші голын соқты. Бұл жолы Испания чемпионатында өнер көрсететін Денис Черышев көзге түсті. Ол Марио Фернандестің пасын қажетіне жаратты. Осылайша, Д.Черышев әлем чемпионатындағы мергендер тізімінде Криштиану Роналдумен теңесті. Шабуыл шебінде жоғары қарқын алған Ресей футболшылары доп айырмашылығын 3-ке дейін жеткізді. 62-минутта Артем Дзюба командасының үшінші, өзінің әлем чемпионатындағы екінші добына «көрімдік» сұрады.

Египеттің басты «көзірі» М.Салах алаңнан голсыз кеткен жоқ. Ресей ойыншысы Р.Зобнин өз айып алаңында Салахты шалып жығып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Шабуылшы нүктеден қателеспеді. Есеп - 3:1.

Төреші қосқан қосымша 4 минутта анау айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Кездесу осы есеппен аяқталды. Ресей құрамасы екі ойында 8 гол соқты. Енді алаң иелері Уругвай құрамасымен кездессе, өз тобында қатарынан екі рет ұтылған Египет Сауд Арабиясына қарсы тұрады.

Соңғы жаңалықтар