Футболдан ӘЧ: Португалиялық Роналду мергендер көшін бастай ала ма?

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Бүгін Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының кезекті күні Португалия-Марокко ойынымен басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәскеудің «Лужники» стадионында өтетін кездесуде Еуропа чемпионы - Португалия құрамасының бәсі биік тұрғаны анық.

Бірінші турда Испаниямен өткен аса тартысты матчта Криштиану Роналду чемпионаттағы тұңғыш хет-триктің авторы атанып, командалар 3:3 есебімен тарқасқан еді. Бұл португалиялықтар үшін жақсы нәтиже деуге болады.

Қазіргі таңда футболқұмар ағайындар Роналду мен аргентиналық Лионель Мессиді салыстырып әуре. Исландиямен текетіресте 11 метрлік пенальтиді соға алмай, Мессидің меселі қайтса, Роналду біріншілікті керемет бастады. Дегенмен өткен түнде ресейлік Денис Черышев тағы бір гол соғып, Роналдуды қуып жетті. Алдағы ойындарда Месси және басқа сұрмергендердің де қарап қалмасы белгілі.

Бүгінгі ойында португалиялықтарға қалайда жеңіс қажет. Бұл жолы да шабуыл Роналду арқылы өрбитіні анық. Оның қанжығасы тағы майланса, мергендер көшінде жекедара алға шығады.

Португалияның бас бапкері Фернанду Сантуш Криштиану бастаған сайыпқырандарына сенетінін, дегенмен Африкадағы үздіктердің бірі Марокконың құрамында Еуропа чемпионаттарында өнер көрсететін тәжірибелі футболшылардың бар екендігін мойындап отыр.

Бірінші турда ойда жоқ жерден Иранға 0:1 есебімен есе жіберген Марокконың шегінер жері жоқ. Олар кеше Польшаны 2:1 есебімен тізе бүктірген Сенегалдың ерлігін қайталай ала ма, оны ойын көрсетеді.

Бұған дейін Португалия мен Марокко командалары әлем чемпионатында бір-ақ мәрте кездескен. 1986 жылы Мексикада Марокко 3:1 есебімен жеңіске жетіп, португалиялықтар өз тобынан шыға алмай, жерге қараған еді.

Америкалық Марк Гейгер қазылық ететін алдағы матчта командалар шамамен мынадай құрамда шықпақшы: Португалия: Патрисиу - Соареш, Пепе, Фонте, Геррейро - Б. Силва, Моутинью, Карвалью, Фернандеш - Гедеш, Роналду.

Марокко: Мунир - Бенатиа, Сайсс, Хакими - С.Амрабат, Аль-Ахмади, Зийех, Буссуфа - Арит, Беланда, Эль-Кааби.

Айта кетейік, В тобында бүгін сондай-ақ Қазан қаласында Иран-Испания командалары күш сынасады. 

Соңғы жаңалықтар