Футболдан ӘЧ: Португалия Иранды ұта ала ма?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін түнде футболдан әлем чемпионатының В тобында плей-офф бәсекесіне шыққандар анықталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саранскіде «Мордовия Арена» стадионында Иран мен Португалия командалары сынға түседі. Калининград қаласында Испания - Марокко жасыл алаңға шығады.

Бұл топта екі турдан кейін Испания мен Португалияның 4 ұпайы (олардың доп айырмасы да бірдей: 4:3), Иранның 3 ұпайы бар. Осы үш команданың екеуі плей-офф кезеңіне өтеді.

Бір қызығы, Иран мен Португалия құрамаларын португалиялық бапкерлер жаттықтырады. Карлуш Кейруш Иранда жеті жылдан бері жұмыс жасайды. Ол өз командасына қатаң қорғана білуді үйретті. Соның арқасында Иран бірінші ойында мықты саналатын Марокконы ұтты. Әлем чемпионы Испанияның өзі Иранның қорғанысын көпке дейін бұза алмай, бір ғана гол кіргізді.

Кезінде Португалия командасын баптаған Кейруш отандастарының сырын жақсы біледі. Сондықтан алдағы матч ол үшін айрықша маңызды. Онда жеңсе, Иран өз тарихында алғаш рет плей-офф кезеңіне шығады.

Фернанду Сантуш жаттықтыратын Португалияның бұл кездесуде фаворит екендігі анық. Өйткені онда әлемнің ең мықты ойыншыларының бірі Криштиану Роналду ойнайды. Мадридтік «Реал» сапында соңғы үш жыл қатарынан Еуропа чемпиондары лигасын ұтып алған Роналду қазір нағыз бабында. Осы чемпионаттың өзінде төрт гол соқты. Дегенмен соңғы ойында хет-трик жасаған Англия шабуылшысы Гарри Кейн гол санын 5-ке жеткізіп, Роналдудың алдына түсіп кетті. Сондықтан өз құрамасы сапында 85 гол соғып, Еуропа елдері арасында рекорд жасаған Криштиану бұл матчта да қанжығасын майлауға тырысады. Оның үстіне топта бірінші орын алу үшін неғұрлым көбірек гол соғу қажет. Португалия құрамында жарақатынан айыққан Жоау Моутинью алаңға шықса, өзінің 113-інші ойынын өткізеді.

Бұған дейін қос құрама 2006 жылғы әлем чемпионатында бір кездесу өткізген. Онда Португалия 2:0 есебімен жеңіске жетіп, Роналду пенальтиден екінші голды соққан.

Сонымен, парагвайлық Энрике Касерес қазылық ететін бәсекеде алаңға мына футболшылар шығуы мүмкін.

Иран: Бейранванд, Резаян, Пуралиганджи, Хоссейни, Мохаммади, Эбрахими, Эззатоллахи, Тареми, Ансарифард, Джаханбахш, Азмун.

Португалия: Руи Патрисиу, Соареш, Пепе, Фонте, Геррейро, Карвалью, Моутинью, Бернарду Силва, Бруну Фернандеш, Криштиану Роналду, Гедеш.

Айта кетейік, В тобында бірінші орын алған команда А тобындағы екінші құрамамен сынға түседі. А тобында жеңген құрама В тобының екінші командасымен алаңға шығады. А тобында күні бұрын жолдамаға иелік еткен Ресей мен Уругвай командалары бүгін бірінші орынды сарапқа салады. 

Соңғы жаңалықтар