Футболдан ӘЧ: Нидерданд пен Эквадор құрамалары тең тарқасты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында А тобында Нидерланд – Эквадор құрамалары шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы турда Эквадор Қатарды, ал нидерландтықтар Сенегалды 2:0 есебімен тізе бүктірген еді.

Бүгінгі матчта жеңген команда өз тобында үздік атануға бір табан жақындайтын еді.

Еуропалықтар жылдам гол соға алды. 6-минутта Коди Гакпо айып алаңына кірместен, алыстан қақпа бұрышын дәл көздеді – 1:0. Сенегалмен өткен ойында да К.Гакпо есеп ашқан болатын.

Екінші тайм басталғаннан кейін 49-минутта нидерландылық қақпашы Андрис Нопперт Первис Эступиньяннің соққысын қайтарғанымен, допқа бірінші болып жеткен Эквадор капитаны Эннер Валенсия осы біріншіліктегі үшінші голын соқты – 1:1. 10-минуттан кейін Гонсало Плато тепкен доп қақпа маңдайшасынан кері қайтты.

Осылайша, Нидерданд пен Эквадор құрамалары тең ойынды қанағат тұтты. Олардың қоржынында төрт ұпайдан бар, доп айырмасы да бірдей. Бұл топта осының алдында Қатарды жеңген Сенегалдың еншісінде үш ұпай бар. 29 қараша күні Нидерланд – Қатар, Эквадор – Сенегал құрамалары алаңға шығады. Алаң иелері жолдамадан үмітін үзсе, қалған үш команда плей-офқа шығуға мүмкіндік беретін алдыңғы екі орын үшін таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан әлем чемпионатында Португалияның Гананы ұтып, өз тобында көш бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Криштиану Роналду бес әлем чемпионатында гол соққан бірінші ойыншы атанды.

Сербиямен матчта Ришарлисон Бразилияны жеңіске жеткізді.

Аргентина мен Германия фавориттердің үздік үштігінен шығып қалды.

Иран соңғы минуттарда Уэльсті жеңіп кетті.

Сенегал құрамасы Қатарды жеңді.


Фото: Francois Nel/Getty Images
Соңғы жаңалықтар