Футболдан ӘЧ: Мессиі бар Аргентина Нигерияны ұтып, жолдаманы жеңіп алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем чемпионатының D тобында Санкт-Петербор қаласында Нигерия мен Аргентина құрамалары күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл топта екі турдан кейін 6 ұпайы бар Хорватия құрамасы жолдама мәселесін шешіп қойған болатын. Ал Нигерияның еншісінде 3, Аргентина мен Исландияда 1 ғана ұпай болғандықтан, екінші жолдамадан осы командалардың үшеуі де үмітін үзбеген еді.

Түркиялық төреші Джюнейт Чакыр қазылық еткен матчта Нигерияның бас бапкері, неміс маманы Гернот Рор мына ойыншыларға сенім артты: Фрэнсис Узохо (қақпашы), Леон Балогун, Уильям Эконг, Кеннет Омеруо, Брайан Идову, Виктор Мозес, Джон Оби Микел (капитан), Огенекаро Этебо, Вилфред Ндиди, Ахмед Мұса, Келечи Ихеаначо.  

Бұдан төрт жыл бұрынғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Аргентинаны жаттықтыратын Хорхе Сампаоли D тобындағы соңғы шайқасқа біраз өзгеріс енгізіп, өз ойыншыларын шығарды: Франко Армани (қақпашы), Габриэль Меркадо, Николас Отаменди, Маркос Рохо, Николас Тальяфико, Хавьер Маскерано, Эвер Банега, Энцо Перес, Анхель Ди Мария, Лионель Месси (капитан), Гонсало Игуаин.

Барынша ірі есеппен жеңіске жету керек болғандықтан, Х.Сампаоли бұл жолы шабуыл шебіне үш бірдей футболшыны қосты. Ди Мария, Мессимен бірге алғашқы минуттан Игуаин ойнады. Ф.Армани да қақпаға бірінші рет тұрды.

Қос команда үшін де аса маңызды кездесу аргентиналықтардың шабуылымен басталды. Мессидің алаңға ерекше күш-жігермен шыққаны бірден байқалды.

Банеганың 30-40 метрден алға асырған пасын мүлт жібермеген Месси 14-минутта қорғаушыны алдап өтіп, оң қанаттан қақпа бұрышын дәл көздеді - 1:0. 27-минутта қақпашымен жекедара шыққан Игуаинның гол соғуына Узохо мүмкіндік берген жоқ.

Бес минут өтер-өтпесте айып алаңына таман Ди Марияны нигериялықтар шалып жықты. Месси тамаша орындаған айып добы Узохоның саусақ ұшына тиіп барып, қақпа жақтауынан кері қайтты.

Екінші тайм басында бұрыштамадан берілген доптан кейін Джюнейт Чакыр Аргентинаның ең тісқаққан футболшыларының бірі Хавьер Маскерано өз айып алаңында Леон Балогунды құшақтап құлатқандықтан, 11 метрлік пенальти белгіледі. 51-минутта лондондық «Челсидің» намысын қорғайтын Виктор Мозес мүлт кеткен жоқ - 1:1.

Аргентиналықтар алға ұмтылғанымен, нигериялықтар қарымта шабуылға шығып отырды. 75-минутта Ахмед Мұса сол қанаттан айып алаңына доп асырды. Екінші таймда алаңға шыққан Одион Игало қақпаны дәл көздей алмады. Доп аргентиналық Маркос Рохоның қолына тигенімен, төреші бұл жолы бейнеқайталаудан кейін пенальти белгілеуді құп көрген жоқ. 83-минутта Игалоның соққысын Армани қайтарып үлгерді.

Барын салған аргентиналықтар 86-минутта дегеніне жетіп, Кристиан Павонның оң қанаттан берген пасынан кейін орталық қорғаушы Маркос Рохо қақпа бұрышын дәл көздеді - 2:1.

Сөйтіп Мессиі бар аргентиналықтар Нигерияны тізе бүктіріп, жолдаманы жеңіп алды.

Бұл топта Дондағы Ростовта Исландия мен Хорватия құрамалары кездесіп, онда хорватиялықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша D тобында 9 ұпаймен озып шыққан Хорватия плей-офф кезеңінде С тобында екінші орынды иеленген Даниямен алаңға шығады. Ал Аргентина С тобында үздік атанған Франциямен ширек финал жолдамасын сарапқа салады.

Соңғы жаңалықтар