Футболдан ӘЧ: Мәскеуге 2,7 млн турист келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан өтіп жатқан Әлем чемпионатына байланысты Ресейге ағылған туристер саны еселеп артты. Тек ел астанасы Мәскеудің өзіне футболды көруге 2 миллион 700 мың турист келген. Бұл туралы Ресей Федерациясының туризм жөніндегі федералдық агенттігіне сілтеме жасап «Хабар 24» арнасы хабарлауда.

Атап өтілгендей, Мәскеуге келген туристер саны 19 пайызға, Саранскіде 1678 пайызға ұлғайған. 300 мың ғана тұрғыны бар Саранск үшін бұл тарихи жағдай болды. Ал Мордовия астанасына он мыңға жуық перулік келіп-кеткен соң шаһар Перуанск деп аталатын жаңа бейресми атауға ие болды. Шетелдіктерді ресейлік қаланың атаулары әбден әбігерге салды. Бірі Ростовтағы Донды Ұлы Ростовпен шатастырса, бірі Төменгі Новгордқа жол жүріп, Ұлы Новгордтан бір-ақ шыққан. Ал қытайлық туристер Мәскеу университетін тамашалаудың орнына Мордовиялық жоғары оқу орнына барып қайтқан. 

«Түрлі қызықты жағдайлар болды. Жанкүйерлер Төменгі Новгордты Ұлы Новгородпен шатастырып алған. Бірақ жергілікті тұрғын шетелдіктерді жақсы қарсы алған. Туристер де футболды көре алды. Тек стадионнан емес, үлкен плазмалық теледидардан. Біздің адамдар ақпейіл ғой. Ешкімді қиындықта қалдырмайды», - дейді РФ туризм жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Олег Сафонов.

Мундиаль өткен қалаларда туристер ағыны орта есеппен он есеге өскен. Ұйымдастырушылар жанкүйерлердің жағдайын жасау үшін түрлі шараларға барған. Мысалы, Мәскеудегі ойынның кестесі жол кептелісін ескеріп жасалынған.

«Мәскеуде жұма күндері ойын өткен жоқ. Себебі жаз уақытында тұрғындар қала сыртына кетеді. Сондықтан жұмада мүлдем ойын болмады. Ұзын сонар жол кептелісінің де алдын алдық», - Мостранспроект директоры Александр Поляков.

2018 жылғы әлем чемпионатының тағы бір ерекшелігі, жанкүйерлер жер астында да ойынды тікелей эфирден тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

«18,5 миллионнан аса жолаушы метрода отырып-ақ 50-ге жуық тікелей эфирді тамашалап үлгерді. Мұндай жаңашылдық әлем бойынша біздің елде алғаш рет болып тұр», - дейді Мәскеулік метрополитеннің өкілі Юлия Темникова.

Мәскеу билігі жанкүйерлер үшін сыйымдылығы 25 мың адамды құрайтын фанзонаны ұсынды. Десе де футболсүйер қауым ең көп жиналған аймақ Никольский көшесі болды. Қызыл алаңнан бастап Лубянкаға дейінгі аумақта күндіз-түні мереке. Ал төрттік финалға Мәскеу «Спартак» стадионының жанынан тағы бір жанкүйерлер алаңын сыйға тартуды жөн санаған. Сочиде өтетін Ресей-Хорватия ойынынан бастап бұл алаң есігін келушілерге айқара ашады. 

Еске салайық, Ресейде футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионаты 14 маусым-15 шілде аралығында өтуде.

 

Соңғы жаңалықтар