Футболдан ӘЧ: Колумбия плей-офф кезеңіне шықты

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионаты топтық кезеңінің 3-туры аясындағы Н тобының кездесулері өтті. Топтың орталық матчында Колумбия және Сенегал құрамалары өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын алдынан фаворит ретінде көрсетілген Колумбия ойынның басынан аяғына шейін басым болды. Бірақ африкалықтардың шабуылдары мейлінше қауіпті көрініс алды. Жанкүйерлер осы ойында голдың соғылуын көру үшін 74 минут күтуіне тура келді. Колумбия ойыншысы Йерри Мина әуедегі допқа талас кезінде қарсылас команданың қорғаушыларынан биік секіріп, басымен қақпаның оң жақ бұрышына дәл соққы бағыттады.

Гол жіберіп алған сенегалдықтар көп күш салып шабуылдай бастады. Бірақ ойын аяғына қарай екі команда да әбден шаршағаны байқалды. Тіпті қауіпті қарсы шабуыл ұйымдастыру мүмкіндігі туындаған сәттерде колумбиялықтар да сабыр сақтап отырды. 0:1 есебі кездесу соңына дейін сақталып қалды.

Осы жеңістен соң Колумбия командасы 6 ұпаймен топта бірінші орын алып, 1/8 финалға жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар