Футболдан ӘЧ: Килиан Мбаппе Францияны плей-офф кезеңіне шығарды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында D тобында Франция мен Дания құрамалары шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы топта бүгін Тунисті 1:0 есебімен ұтқан Аустралия ұпай саны жағынан Францияны қуып жеткен еді. Егер әлем чемпиондары Данияны тізе бүктірсе, онда 1/8 финалға күні бұрын жолдама алар еді.

Ал бір ғана ұпайы бар даниялықтарға шегінер жер жоқ-ты.

Қос команда бұған дейін 18 рет кездесіп, соның 8-інде француздар, алтауында даниялықтар жеңіске жетіп, үшеуінде тең тарқасқан еді. Бірақ Франция Данияны ресми ойында соңғы рет 2000 жылы Еуропа чемпионатында ұтқан. Ал Жапония мен Кореяда өткен дүниежүзілік біріншілікте және биыл Ұлттар лигасында екі рет Дания ұтқан. Осыдан төрт жыл бұрын Ресейде өткен чемпинатта тең ойнап, өз топтарынан келесі кезеңге өткен-ді.

Бірінші таймда франциялықтар көбірек шабуылдап, Каспер Шмейхель қорғаған қақпаға қауіп төндіріп бақты. Даниялықтар қорғана жүріп, алға ұмтылғанымен, одан ештеңе өндіре алмады.

Екінші кезеңде Франция сұрмергені Килиан Мбаппе тамаша шабуыл ұйымдастырды. Әуелі сол қанаттағы Тео Эрнандеске пас берді. Содан кейін қайыра пас алған Килиан Мбаппе 61-минутта есеп ашты. Бұл 23 жастағы шабуылшының Франция сапындағы 30-ыншы, әлем чемпионаттарындағы алтыншы голы еді. К.Мбаппенің 2018 жылғы дүниежүзілік доданың үздік жас ойыншысы атанғаны мәлім.

Дегенмен даниялықтар көп күттірген жоқ. 68-минутта бұрыштамадан асырылған доптан кейін қорғаушы Андреас Кристенсен баспен дәл түсірді – 1:1. Бұдан кейін Франция қақпашысы Уго Льорис Йеспер Линдстремнің қауіпті соққысын қайтара білді.

Даниялықтар К.Мбаппені тоқтата алмады. 86-минутта Антуан Гризманнан пас алған Килиан өз командасын қайта алға шығарды – 2:1. Францияның атақты шабуылшысы Тьерри Анри әлем чемпионаттарында алты гол соқса, К.Мбаппе бұл көрсеткіштен асып түсті.

Осылайша, Данияны 2:1 есебімен тізе бүктірген Франция 6 ұпайға қол жеткізіп, әлем чемпионатында алғашқы болып плей-офф кезеңіне шықты. Екінші жолдама үшін қалған үш команда таласады. Аустралия еншісінде 3, Дания мен Тунисте бір-бір ұпайдан бар. 30 қараша күні Тунис – Франция, Аустралия – Дания өзара күш сынасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан әлем чемпионатында Иранның соңғы минуттарда Уэльсті жеңіп кеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Нидерланд пен Эквадор құрамалары тең тарқасса, Аустралия Тунисті тізе бүктірді.

Польша құрамасы Сауд Арабиясынан басым түсті.

Футболдан әлем чемпионатында поляк қақпашысы сейв жасау жөнінен көш бастады.


Фото: Getty Images


Соңғы жаңалықтар