Футболдан ӘЧ: Испания құрамасы Ираннан айласын асырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем біріншілігінің В тобындағы екінші ойын - Иран мен Испания құрамалары арасында болды. Испандар қарсыластарын 1:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл ойында жеңіске жету испандар үшін өте маңызды еді. Себебі белгілі, алғашқы турда олар Португалиямен 3:3 есебімен тең ойнап, небәрі 3 ұпайды қоржынға салды. Есесіне Иранның жағдайы олардан біршама тәуір. 15 маусымда Марокконы 1:0 есебімен тізе бүктірген парсылар тағы да ұпай қорын толықтырса, жарыстың келесі сатысына шығуы мүмкін болатын. Сондықтан Иран әрбір ойынға тыңғылықты дайындалуға тырысатыны анық. Олардың келесі қарсыластары - Испания мен Португалия екенін ескерсек, діттеген мақсатына оңай түспейтіні белгілі.

Айтпақшы, бұл кездесу испан қорғаушысы Жерар Пике үшін ерекше болды. Ол ұлттық құрама сапындағы 100 ойынын өткізуге мүмкіндік алды. 31 жастағы жігіт өз құрамасындағы мұндай көрсеткішке қол жеткізген 13-футболшы ретінде тіркелді. Әзірге рекорд аталмыш құраманың бұрынңы қақпашысы Икер Касильястің еншісінде қалып отыр. Ол ұлттық құрамада 167 ойын өткізген еді.

Испанияның бас бапкері Фернандо Йерро ойынның алдында аталмыш қарсыластары жөнінде пікірін білдірген еді. «Іріктеу кезеңінде парсылар 37 гол соққан екен. Олардың 40%-ы стандарттан соғылған. Сондықтан біз олардың стандартты орындауына баса назар аударамыз», - деген болатын.

Айта кетерлігі, қос құрама бұған дейін бірде-бір мәрте кездесіп көрген жоқ. Татарстан астанасы - Қазан қаласындағы ойын олар үшін тұсаукесер кездесу ретінде елдің есінде қалары анық. ФИФА-ның соңғы рейтингінде Испания 10-орында тұрса, Иран37-орында келеді.  

Иран кездесуге қызыл, испандар ақ түсті жейде киіп шықты. Еуропа құрлығының өкілдері әу дегеннен ойын тізгінін қолға алды. Әрбір минуттың қадірін түсінеді. Үш ұпайға қол жеткізуге барын салды. Солай боларлық жөні бар. Жеңіліс тапқан жағдайда жарысты жалғастырудан шет қалып қоюы ғажап емес. 2010 жылғы әлем чемпиондары оны толық түсінеді. Сондықтан бірден шабуыл шебін нығайтуға бар күшін салды. Есесіне Иран гол жіберіп алмау жолын қарастырды. Қорғанысқа барлығы бірдей көңіл бөлді. Шабуылшылар да өз қорғаушыларына көмек берді. Сондықтан испандар қаншама қауіпті сәттерді ұйымдастырғанымен, оның ешқайсысы оларға пайдасын алып келген жоқ.

Екінші кезеңде де дәл осыған ұқсас жағдайда өрбіді. Испандар бірден-ақ шабуылға шықты. Десе де доп діттеген орнына жеткен жоқ. Испандар көп күткен гол 53-минутта соғылды. Бұл голды шабуылшы Диего Коста өз еншісіне жазды. Ирандықтар да қарап қалған жоқ. Олар 63-минутта таразы басын теңестірген еді. Уругвайлық төреші Андрес Кунья оны офсайдтан соғылды деген шешімді есептеген жоқ. Сөйтіп Испания Иранды 1:0 есебімен жеңді.

Айта кетейік, бұл топтағы Португалия құрамасы Мароккодан басым түсіп, жарыстың келесі кезеңіне өтті. 

Соңғы жаңалықтар