Футболдан ӘЧ: Хорватия пенальтиден Данияны ұтып, ширек финалға шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нижний Новгород қаласында Хорватия мен Дания арасындағы ойын тартысқа толы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл матчта негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталып, аргентиналық төреші Нестор Питана 15 минуттан екі экстратайм белгіледі.

Бірінші экстратайм даниялықтардың қауіпті шабуылдарымен басталды. Алғашқы экстратайм соңына таман хорватиялықтар қақпаға жиі қауіп төндіргенімен, одан ештеңе өнбеді.

Екінші экстратаймда 114-минутта Хорватия капитаны Лука Модричтің пасынан кейін қақпаға жекедара шыққан Анте Ребичті Матиас Йоргенсен шалып жықты. Әйтсе де Дания қақпашысы Каспер Шмейхель Л.Модричтің 11 метрлік пенальтиін қақшып ала білді.

Матч тағы да 1:1 есебімен тең аяқталып, кездесу тағдыры пенальти лотереясында шешілді.

Пенальти сериясы Даниел Субашичтің Данияның көшбасшысы Кристиан Эриксеннің, ал Каспер Шмейхель Милан Бадельдің соққысын қайтаруымен басталды.

Д.Субашич Лассе Шёненің, сосын Николай Йоргенсеннің соққысын қайтарды.  К.Шмейхель Йосип Пиваричтің соққысына тосқауыл қойғанымен, Иван Ракитичке ештеңе жасай алмады.

Осылайша пенальти сериясында 3:2 есебімен жеңіске жеткен Хорватия ширек финалға шықты.

Айта кетейік, 7 шілде күні Сочи қаласында Хорватия Ресей құрамасымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Кеше Испания - Ресей матчы да қосымша экстратаймдарға созылып, пенальти сериясында ресейліктер жеңіске жеткен еді.

Соңғы жаңалықтар