Футболдан ӘЧ: Франция құрамасы финалға шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Франция мен Марокко құрамалары финалдың жолдамасы үшін жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін екі рет әлем чемпионы атанған Франция биыл да фавориттердің бірі екендігін айқын танытты.

Дидье Дешам Франция құрамасының капитаны ретінде әлем және Еуропа чемпионы атанса, бапкерлік мансабында да сеніммен алға басып келеді. Бұдан төрт жыл бұрын оның басшылығымен ел құрамасы алтын медальді жеңіп алған еді.

Ал Валид Реграги жаттықтыратын Марокко құрамасы биыл айды аспанға шығарып, Африка елдері арасында алғаш рет жартылай финалға өтті.

Бұл ойында Франция құрамасының жасаған алғашқы шабуылы-ақ өз жемісін берді. Антуан Гризманның пасынан кейін Килиан Мбаппенің екі соққысын Марокко қорғанысы қайтарғанымен, бірінші болып жеткен Тео Эрнандес 5-минутта допты қақпадан бір шығарды – 1:0.

Бұдан кейін қос құраманың да мүмкіндіктері болғанымен, бірінші таймде есеп өзгерген жоқ.

Екінші кезеңде марокколықтар көбірек шабуылдағанымен, одан ештеңе шығара алмады. Есесіне 80-минутта Килиан Мбаппенің бірнеше ойыншыны алдап өтіп, қақпаға бағыттаған добына алаңға тыңнан қосылған Рэндал Коло Муани аяғын қоя салды – 2:0.

Осылайша, Марокконы 2:0 есебімен тізе бүктірген Франция 18 желтоқсанда Месси бастаған Аргентина құрамасымен алтын жүлдені сарапқа салады.

Марокколықтар 17 желтоқсанда қола медаль үшін бәсекеде Хорватиямен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уго Льористің өз елінің рекордын жаңартқанын, Аргентина құрамасының финалға шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Месси әлем чемпионаттарында Аргентина құрамасының үздік сұрмергені атанды.

Үздік ойыншы Месси әлем чемпионаттарының рекордын орнатты.

Фото: championat.com


Соңғы жаңалықтар