Футболдан ӘЧ: Дания Перу құрамасын жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2018 жылғы Әлем чемпионатында С тобының алғашқы тур ойындарын Перу және Дания құрамалары қорытындылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін С тобының алғашқы ойынында Франция Австралияны сынақтан өткізгенін хабарлаған болатынбыз.

Командалар өзара тең ойын өткізетіні о бастан белгілі еді. Екі құраманың күші тең екенін олардың ФИФА рейтингінде 11 және 12-орында тұрғаны да растаса керек.

Дания алғашқы 45 минуттың 58% допқа иелік еткенмен, қарсыластар қақпасына аса қауіп төндіре алмады. Тіпті бағытталған 5 соққының тек біреуі ғана қақпаға тура барды. Перудің 8 соққысының екеуі дәл бағытталғанмен, қақпа торына барып түспеді. 1-таймда гол соғылуы үшін Дания қақпасына тіпті пенальти де белгіленді. Алайда оны Кристиан Куэва тым биікке теуіп жіберді. Бұл бүгіндікке - төртінші пенальти, орындалмаған екінші пенальти болды. Бұған дейін өткен Аргентина - Исландия арасындағы ойында Лионель Месси де 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен болатын. Осылайша, командалар үзіліске голсыз кетті.

Екінші таймда тартыс қыза түсті. Әсіресе тайм басында даниялықтар сапалы ойын көрсетіп, шабуылдарын үдете берді. 59-минутта Кристиан Эриксен мен Юссуф Поульсен ұйымдастырған жылдам шабуыл перуліктердің қорғанысын састырды. Оның үстіне соңғы үміт болуы тиіс қақпашы Педро Гальесе де ұсақ қателікке жол беріп, «жақын бұрышын» жаба алмады. Қақпаның тура сол жерінен саңылау тапқан Поульсен күшті соққымен есеп ашты.

Күтпеген жерден гол жіберіп алған перуліктер ойын тізгінін түгел өз қолдарына алды. Жаппай шабуылға шыққан Латын Америкасы өкілдері кейде даниялықтарды тырп еткізбеді. Бірақ гол соғу үшін мұның бәрі аздық етті. Кейде сәттілік жетіспесе, кейде дат қақпашысы Каспер Шмейхель тамаша сейвтер жасады. Есеп - 1:0. Осы жеңістен кейін Дания 3 ұпай алып, С тобында Франциядан кейінгі екінші орынға шықты.

Соңғы жаңалықтар