Футболдан ӘЧ: Бразилия мен Швейцария тең ойнады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Ресейдің Дондағы Ростов қаласында футболдан Әлем чемпионаты аясында Бразилия мен Швейцария (Е тобы) шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрамы жағынан бұл матчта әлемнің бес мәрте чемпионы - Бразилияның бәсі биік екендігі  анық. Дегенмен Еуропада асығы алшысынан түсіп жүрген швейцариялықтарды ешкім осал дей алмас.

Бразилия - 1930 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлем чемпионаттарына үзбей қатысқан бірден-бір команда. Оған қоса бразилиялықтардай жеңіс тұғырына бес рет ешкім көтеріліп көрген емес.

Мексикалық Сесар Рамос қазылық еткен кездесуде алғашқы соққыны швейцариялықтар жасады. 6-минутта алға ұмтылған Бразилияның бас жұлдызы Неймарды Гранит Джака жейдесінен тартып тоқтатқанымен, төреші ауызша ескертумен шектелді. Көп ұзамай сол қапталдан Неймар тепкен допты Паулиньо қақпаға бағыттағанымен, оны Ян Зоммер тойтара білді.

Екі жылдан бері Аденор Тите жаттықтыратын бразилиялықтар ойын тізгінін біртіндеп өз қолына алды. Ақыры биыл Англияның «Ливерпуль» клубынан Испанияның «Барселонасына» ауысқан әлемдегі ең қымбат футболшылардың бірі Филиппе Коутиньо 20-минутта айып алаңынан кері серпілген допты алыстан тамаша орындап, қақпаға дәл түсірді - 1:0.

Төрт жыл бойы босниялық маман Владимир Петкович баптайтын швейцариялықтар бразилиялықтардың қақпасына пәлендей қауіп төндіре алмады. Керісінше Неймарға қарсы кезекті рет тәртіп бұзылғаннан кейін Швейцария құрамында бүгін 100-інші мәрте алаңға шыққан команда капитаны Штефан Лихтштайнер ескерту алып тынды.

Бірінші тайм соңында бұрыштамадан Неймар берген допты Тиаго Силва баспен соғып, қақпадан сәл асырып жіберді.

Кездесудің екінші кезеңі швейцариялықтардың қарсы шабуылын дөрекі ойнап, тоқтатқан Каземироның ескерту алуымен басталды. 50-минутта Швейцария жұлдыздарының бірі Джердан Шакири бұрыштамадан берген допты айып алаңында бос қалған Стивен Цубер баспен қақпаға топ еткізді - 1:1.

Бұдан кейін бразилиялықтар қарқынын үдетіп, Каземироның орнына Фернандиньо шықты. Паулиньоны Ренато Аугусто алмастырды.

Неймарға «тосқауыл қойған» Фабиан Шер мен Валон Бехрами де ескерту алды. Осыдан соң-ақ Бехрамидің орнына Денис Закариа кірді.

Коутиньоның қауіпті соққыларынан кейін доп бірде қорғаушыға тисе, екіншісінде қақпадан қиыс кетті. Габриэл Жезус швейцариялық қорғаушымен «құшақтасқаннан» кейін айып алаңында құлап қалғанымен, төреші пенальти белгілеуді құп көрген жоқ. Жезустың орнына «Ливерпульдың» шабуылшысы Роберто Фирмино, Швейцариядан Харис Сеферовичтің орнына Брель Эмболо   тыңнан қосылды. Бұдан көп ештеңе өзгере қойған жоқ.

Матч соңына таман Неймардың баспен соққан добын Ян Зоммер қақшып ала білді. Содан кейін бірнеше мүмкіндікті бразилиялықтар пайдалана алмады.

Осылайша биылғы чемпионат фавориттерге оңай тиіп отырған жоқ. Бұған дейін Аргентина біріншілікке алғаш қатысып отырған исландықтармен тең ойнаса, Франция австралиялықтарды бір ғана доп айырмашылығымен ұтты. Ең тосын нәтиже, футболдан әлем чемпионы Германия құрамасы алғашқы кездесуінде ойда жоқта Мексикадан ұтылып, жағдайын қиындатып алды. Енді, міне, Бразилия Швейцариямен 1:1 есебімен тең ойнап, ұпай жоғалтты.

Еске сала кетейік, Е тобында бұдан бұрын Александр Коларовтың тамаша айып соққысы арқасында Сербия Коста-Рика командасын 1:0 есебімен жеңген болатын. 22 маусым күні Бразилия - Коста-Рика, Сербия - Швейцария құрамалары өзара кездеседі.

Чемпионат қызып келеді.

Соңғы жаңалықтар