Футболдан ӘЧ: Бразилия Аргентинаның кебін кие ме

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем біріншілігінің бүгінгі ойындар тізбегін Е тобындағы Бразилия мен Коста-Рика құрамалары бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жанкүйер қауымға Бразилия құрамасы жайында қайталап айтып жату артық болар. Футболдан талай талантқа ақ жол сілтеген елдің ойыншылары қай кезде де жоғары бағаланады. Ұлттық құрамаға үміткер жігіттердің қатары қалың. Бас бапкер солардың арасынан үздігін іріктеп алады. Сондықтан қандай доп додасында да бразилиялық жігіттер басты фаворит болатыны белгілі. Ресейдегі дүбірлі додада бас жүлдеге қол созатын құрамалар қатарында осы елдің саңлақтары саналып отыр.

Іріктеу кезеңінде аталмыш құрама жоғары деңгейде ойын көрсетті. Топтық бәсекеде 18 ойында 41 ұпай жинап, көш тізгінін қолға алды. Өзінен кейінгі орындағы Уругвайдан 10 ұпай озып кеткенінің өзі көп жайды аңартса керек-ті. Атақты футболшы Пеленің ізбасарлары небәрі 1 ойында жеңілді. Олар 5 ойында тең түсіп, 12 кездесуде үш ұпай олжалады. Осылайша олар Ресейдегі айтулы аламанға елден ертерек қол жеткізіп қойғанын айта кеткеніміз жөн болар. Бразилия біріншіліктің алғашқы турында Швейцариямен 1:1 есебімен тең ойнады.

Коста-Рика жігіттері әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде биыл бесінші мәрте бақ сынап жатыр. Әзірге бұл додада қол жеткізген табысы 2014 жылы ширек финалға дейін жеткендігі болып табылады. Сол жылы олар Уругвай, Англия, Италия секілді құрамаларды артқа салып кетті. Уругайды 3:1, Италияны 1:0 есебімен жеңіп, соңғы кездесуде Англиямен 0:0 есебімен тең ойнады. Жарыстың келесі сатысында Грекиямен негізгі кезеңде 1:1 есебімен тең түсіп, пенальти тебу арқылы жарысты жалғастырды.

Ширек финалда да коста-рикалық жігіттер тәп-тәуір ойын көрсетті. Голландиямен кездесуде негізгі кезеңде 0:0 есебі тіркелді. Пенальти тебуде голландиялықтар мергендік танытты. Содан бері небәрі төрт жыл жыл өтті. Сол сында тәжірибе жинаған жігіттер қазір шеберліктерін арттыра түсті. Бәлкім, бұл жолы одан да жоғары жетістікке қол созар. Алайда олар биылғы біріншіліктің алғашқы турында Сербия құрамасына 0:1 есебімен жол беріп қойды. Ендеше, екінші кездесу оларды ертерек еліне қайтаруы мүмкін немесе жарысты жалғастыру мүмкіндігін арттыра түсері сөзсіз.

Коста-Рика құрамасының бас бапкері Оскар Рамирес алдағы ойын жайында «Алғашқы кездесуде біздің ойынымыз жүрген жоқ. Біз біріншілікке бекер келген жоқпыз. Алдымызға үлкен мақсат қойдық. Сол мақсатымызға жетуге тырысамыз», - деді.

Бразилияның бас бапкері Тите «Құрамадағы барлық футболшыға жоғары деңгейде ойнау - басты талап. Дегенмен Неймарға артылатын сенім үлкен. Ол құрамда көшбасшылық міндетін атқаруы тиіс»,- деп өз пікірін білдірді.

Естеріңзге сала кетелік, бұл кездесу Астана уақытымен 18.00-де Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Санкт-Петербург арена» стадионында өтеді. Кездесу «Qazsport» арнасынан көрсетіледі. Сондай-ақ, Е тобында Сербия мен Швейцария құрамалары («Qazaqstan». 00.00)  кездеседі. Ал D тобында Нигерия мен Исландия («Qazaqstan». 21.00) өзара шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар