Футболдан ӘЧ: Бельгия Англияны жеңіп, өз тобында үздік атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Ресейдің Калининград қаласында футболдан әлем чемпионатының G тобындағы Англия мен Бельгия құрамалары шеберлік сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы екі кездесуден кейін 6 ұпайдан жинап, плей-офф мәселесін шешіп қойған қос команда белді ойыншыларына демалыс беріп, қосалқы құрамасын шығарды. Чемпионаттың сұрмергені, ағылшын шабуылшысы Гарри Кейн де тыс қалды.

Словениялық төреші Дамир Скомина қазылық еткен матчта Англияның бапкері Гарет Саутгейт мына футболшыларына сенім артты: Джордан Пикфорд (қақпашы), Трент Александер-Арнольд, Джон Стоунз, Гэри Кэхилл, Фил Джонс, Дэнни Роуз, Эрик Дайер, Фабиан Делф, Рубен Лофтус-Чик, Маркус Рэшфорд, Джейми Варди.

Бельгияның жаттықтырушысы Роберто Мартинес ұсынған құрам мынадай болды: Тибо Куртуа (қақпашы), Дедрик Бойата, Томас Вермален, Леандер Дендонкер, Маруан Феллаини, Мусса Дембеле, Юри Тилеманс, Торган Азар, Аднан Янузай, Насер Шадли, Миши Бачуайи.

Матч басында бельгиялықтар гол соға жаздады. Феллаинидің айып алаңына асырған добын Бачуайи теуіп жібергенде, Пикфорд уысынан шығарып алды. Қақпаға еніп бара жатқан допты Кэхилл қайтарып үлгерді. Бельгиялықтар гол болды деп, қолдарын көтергенімен, төреші оны елең қылған жоқ.

Алма-кезек шабуылмен өткенімен, бірінші таймда есеп ашылған жоқ.

Ойынның екінші кезеңінде ақыры бельгиялықтар есеп ашты. 51-минутта 23 жасар Аднан Янузай тоғыздықты дәл көздеді. Ағылшын премьер-лигасындағы мықты командалардың бірі «Манчестер Юнайтедте» доп теуіп көрген Янузай Англия құрамасындағы бұрынғы әріптестеріне осылайша «сәлем» жолдады.

Ағылшындар қарап қалмай, 66-минутта Маркус Рэшфорд қақпашы Тибо Куртуамен жеке-дара шыққанымен, оңтайлы сәтті мүлт жіберді. 83-минутта Феллаини екінші таймда тыңнан қосылған Дэнни Уэлбектің соққысынан кейін өз қақпасын аман алып қалды. 88-минутта Джордан Пикфорд та алаңға жаңа шыққан Дрис Мертенстің қауіпті соққысын қайтарып, сэйв жасай білді.

Бельгиялықтар Англияны 1:0 есебімен ұтып, өз тобында жеңімпаз атанды.

Саранскіде топтың аутсайдерлері Панама мен Тунис кездесіп, онда африкалық құрама 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, командалардың ұпайы, доп айырмасы және өзара кездесуі жағынан бәрі тең болған жағдайда ескерту қағаздары есепке алынады. Кеше Н тобында алған ескертулерінің көптігінен Сенегал плей-офф бәсекесінен тыс қалды. Мұндай дерек әлем чемпионаты тарихында тұңғыш рет тіркелді.

Сөйтіп G тобында үздік атанған Бельгия Дондағы Ростовта Н тобында екінші орын алған Жапониямен күш сынасады. Ал Англия Н тобының жеңімпазы Колумбиямен таласады.

Осымен топтық бәсекелер бітті. Енді плей-офф матчтары басталады. Мысалы, Бельгия Жапонияны ұтса, ширек финалда Бразилия-Мексика жұбының жеңімпазымен кездеседі. Англия-Колумбия жұбында озған команда Швеция немесе Швейцарияның біреуімен жасыл алаңға шығады.

Сонымен, ширек финалдың өзінде Бразилия мен Бельгияның жолдары тоқайласып қалуы әбден ықтимал.

Соңғы жаңалықтар