Футболдан ӘЧ: Аустралия Тунисті тізе бүктірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында D тобында Тунис пен Аустралия командалары жасыл алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші турда аустралиялықтар әлем чемпиондары – француздарға 1:4 есебімен жол берсе, тунистіктер азулы командалардың бірінен саналатын даниялықтармен тең түскен еді (0:0).

Топтан шығудан үмітті үзбеу үшін қос құрамаға жеңіс ауадай қажет еді.

Ойын аустралиялықтардың басымдылығымен басталды. Ақыры олар 23-минутта дегендеріне жетті. Крейг Гудвин сол қанаттан керемет пас шығарып, Митчелл Дюк есеп ашты – 1:0.

Екінші кезеңде тунистіктер көбірек шабуылдап, таразы басын теңестіруге тырысып бақты. Екінші таймда тыңнан қосылған белгілі ойыншы Вахби Хазри де өз мүмкіндігін мүлт жіберді.

Осылайша, 1:0 есебімен жеңіске жеткен Аустралия үш ұпайға ие болып, өз тобында екінші орынға көтерілді.

Бұл топта бүгін сондай-ақ Франция - Дания командалары өзара кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан әлем чемпионатында Иранның соңғы минуттарда Уэльсті жеңіп кеткенін жазған болатынбыз.

Ал, Нидерланд пен Эквадор құрамалары тең тарқасты.

Фото: ROBERT CIANFLONE/GETTY IMAGES


Соңғы жаңалықтар