Футболдан ӘЧ: Аргентинаны ойсырата жеңген Хорватия плей-офф кезеңіне шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем чемпионатында D тобында Нижний Новгород қаласында Аргентина мен Хорватия командалары алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірінші турда Нигерияны 2:0 есебімен ұтқан Хорватия бұл топта көш бастаса, Аргентина Исландиямен тең тарқасқан еді.

Өзбекстандық төреші Равшан Ирматов қазылық еткен кездесуде аргентиналықтарды стадионда Диего Марадона бастаған жанкүйерлер қолдап-қоштап отырды.

Аргентинаның бас бапкері Хорхе Сампаоли сәтті болмаған алғашқы матчтан қорытынды шығарып, Маркос Рохоның орнына Маркос Акуньяны қосты. Шабуыл шебінде сол жақ қанатта Анхель Ди Марияны алып тастап, Эдуардо Сальвионы шығарды.

Златко Далич жаттықтыратын Хорватия сапында да бірер өзгеріс болып, орта шепте Андрей Крамаричті Марцело Брозович алмастырды. Анте Ребич алға қарай ойысты.

Хорваттардың бірінші қарымта шабуылы голмен аяқталуға сәл-ақ қалды. Сол қанаттан құстай ұшқан Иван Перишичтің аса қауіпті соққысын аргентиналық қақпашы Вильфредо Кабальеро қайтарып үлгерді. Доп бұрыштамаға кетті.

Аргентиналықтар да қарап қалмай, 12-минутта әдемі комбинациядан кейін команда капитаны Лионель Мессидің аяғы допқа дұрыс жетпей қалды. Он минуттан кейін Акуньяның сол қанаттан бағыттаған добы Даниел Субашич қорғаған қақпа маңдайшасына тиіп, асып кетті.

30-минутта қорғаушыдан кері серпілген допты Энцо Перес бос қалған қақпаға кіргізе алмады. Үш минут өтер-өтпесте Шиме Врсальконың тамаша пасынан кейін қақпашымен жекедара шыққан Марио Манджукичтің баспен соққан добы қиыс кетті.

Бәсекенің «қызуы» бірте-бірте көтеріле түсіп, қатарынан екі мәрте дөрекі ойнаған А.Ребич ескерту алып тынды.

Бірінші тайм соңында қарымта шабуылдан соң хорваттардың капитаны Лука Модричтің керемет пасын Ребич пайдалана алмады.  

Екінші таймда Модричтің пасынан кейін алға ұмтылған Ребичті Габриэль Меркадо тоқтатып, ескерту алды. 53-минутта Кабальероның қателігінен соң А.Ребич допты тоғыздыққа дәл түсірді - 1:0. Осылайша «шаруасын бітірген» Ребичтің орнына Андрей Крамарич шықты. 

Амалы қалмаған Х.Сампаоли Серхио Агуэроның орнына тыңнан Гонсало Игуаинды қосты. Сальвионы Кристиан Павон алмастырды. 63-минутта қақпа алдындағы қарбалас сәтте Иван Ракитич Мессиге гол соғуға мүмкіндік бермеді. Көп ұзамай Аргентинаны құтқаруға тағы бір шабуылшы Пауло Дибало қосылды.

Хорваттар сауатты ойнап, шабуылды да ұмытқан жоқ. 80-минутта Л.Модричтің айып алаңына кірместен шірене тепкен добы қақпадан бір-ақ шықты - 2:0.

Бұл кездесуде Лука Модрич өзінің шын мәнінде көшбасшы екендігін таныта білді. Лионель Месси туралы бұлай айту қиын.

85-минутта Николас Отамендидің дөрекілігінен кейін қос команда ойыншылары шекісіп қала жаздады. Иван Ракитичтің айып добынан кейін аргентиналықтарды үшінші голдан қақпа маңдайшасы құтқарды.

90-минутта Максимильяно Месаның соққысына Домагой Вида тосқауыл қойды. Іле-шала ұйымдастырылған шабуылдан кейін Кабальеро И.Ракитичтің соққысын қайтарып үлгергенімен, Матео Ковачич  допты қайтадан Иванға жылжыта салды. И.Ракитич мүлт кеткен жоқ - 3:0.

Хорваттар тойды бастап кетсе, Аргентина жерге қарады.

Сонымен, осы ойыннан кейін 6 ұпай жинаған Хорватия құрамасы плей-офф кезеңіне шықса, бір ғана ұпайы бар Аргентинаның жағдайы тіпті қиындады. Енді олардың топтан шығуы тек өздеріне ғана байланысты емес. Бүгін Волгоград қаласында Нигерия - Исландия матчы немен аяқталады. Содан кейін 26 маусым күні болатын Нигерия - Аргентина, Исландия - Хорватия кездесулері бар мәселені шешеді. 

Соңғы жаңалықтар