Футболдан ӘЧ: Аргентина алғашқы ойынын өткізеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының үшінші ойын күнінде, 22 қарашада С тобында екі кездесу өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған топта Аргентина, Сауд Арабиясы, Мексика, Польша құрамалары сынға түседі.

С тобындағы алғашқы кездесу Аргентина мен Сауд Арабиясы құрамалары арасында елорда уақытымен 16:00-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Аргентина құрамасы әлем чемпионатына бұған дейін 17 мәрте қатысты. 1978, 1986 жылдарда чемпион атанса, 1990, 2014 жылдары күміс медаль алды.

Ал Сауд Арабиясы биыл дүбірлі додаға алтыншы мәрте келіп отыр. 1994 жылы алғаш рет келіп, 1/8 финалға дейін жетті.

Екі құрама бұған дейін төрт мәрте кездесті. Олардың барлығы жолдастық кездесу есебінде өткізілген. 1988 жылы 6 шілдеде 2:2, 2012 жылы 14 қарашада 0:0 есебімен тең түсті. Ал Аргентина 1988 жылы 16 шілдеде 3:1, 1992 жылы 20 қазанда 2:0 есебімен басым түсті.

Аталған топтағы Мексика және Польша кездесу елорда уақытымен 22:00-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Биыл әлем чемпионатына 18 мәрте қатысқалы отырған Мексика 1970, 1986 жылдарда және 1994-2018 жылдар аралығында 1/8 финалға дейін жетті.

Ал Левандовски бастаған Польша құрамасы биыл әлем чемпионатына сегізінші мәрте аяқ басып отыр. Олар 1974, 1982 жылдарда қола жүлдегер атанды.

Екі құрама бұған дейін сегіз мәрте кездесті. Оның 3-і Мексика, 3-і Польшаның басымдығымен, 2-і тең нәтижемен аяқталды.

Бүгін, 22 қарашада D тобындағы Дания - Тунис, Франция - Австралия құрамалары кездеседі.

Еске салсақ, бұдан бұрын А тобында Англия құрамасы Иранды ірі есеппен жеңсе, Нидерланды Сенегалдан басым түсті.

Сондай-ақ, А тобындағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.


Фото: gettyimages.com
Соңғы жаңалықтар