Футболдан ӘЧ: Англия Тунистен жеңісті соңғы минуттарда жұлып алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Волгоград қаласында G тобында Тунис пен Англия командалары күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресейде өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты Батыс Қазақстан облысымен шектесетін Еділ бойындағы қалаға да жетіп, «Волгоград Арена» стадионы халыққа лық толды.

Англияның футбол отаны екені баршаға аян. Бірақ ағылшындар 1966 жылы өз елінде өткен дүниежүзілік додада екі ғана алтыннан алқа тағына алды. Содан кейін Еуропа біріншілігінде қос қола жүлдеге қол жеткізгені болмаса, басқалай табысқа жетіп көрген емес. Әлем чемпионатына бесінші рет қатысып отырған Тунис құрамасы 1998 жылы Англиямен бір топқа түсіп, 0:2 есебімен ұтылып қалған болатын. Оның алдында, 1990 жылы қос команда жолдастық кездесу өткізіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан еді.

Бұл ойынға Вильмар Рольдан бастаған колумбиялық төрешілер қазылық етті.

Англия бапкері Гарет Саутгейтя мына ойыншыларға сенім артты: Джордан Пикфорд (қақпашы), Харри Магвайр, Джон Стоунз, Кайл Уокер, Эшли Янг, Джесси Лингард, Джордан Хендерсон, Деле Алли, Киран Триппьер, Гарри Кейн (команда капитаны), Рахим Стерлинг.

Тунисті жаттықтыратын Набиль Мааул қақпашы Муэ Ассен, Дилан Бронн, Сиам Бен-Юссеф, Яссин Мерия, Али Маалул, Фертани Сасси, Эльес Шкири, Наис Слити, Фахреддин Бен-Юссеф, Анис Бадри және көпті көрген команда капитаны Вахби Хазриді алаңға шығарды.

Кездесу ағылшындардың аса қауіпті шабуылдарымен басталды. Бастапқыда Лингард пен Стерлингке дәлдік жетіспеді. 11-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін қақпашы Муэ Ассен Джон Стоунздің баспен тоғыздыққа дәл бағытталған соққысын қайтарып үлгергенімен, Гарри Кейн өз мүмкіндігін мүлт жібермеді -1:0.

Алғашқы он шақты минутта бірнеше соққыны қайтарып, көзге түскенімен, жарақат алып қалған Ассеннің орнына тәжірибелі қақпашы Фарук Бен-Мустафа шықты.

Бірінші тайм ортасына таман Хазри бастаған тунистік ойыншылар қақпаға қарай соққылар жасап үлгерді. Ақыры 33-минутта Кайл Уокер өз айып алаңында тунистік шабуылшыны шынтағымен нұқып жібергендіктен, 11 метрлік пенальти белгіленді. Фертани Сасси таразы басын теңестірді. Міне, қызық енді басталды.

Ағылшындар қарқынды күшейтіп, Тунис қақпасына қайта-қайта қауіп төндірді. Лингардтың соққысы тіпті қақпа жақтауына тиіп, шығып кетті. Бірінші тайм 1:1 есебімен тең аяқталды.

Кездесудің екінші кезеңі де Англияның басымдылығымен өтті. Тунистіктердің қорғана білуімен бірге допты ұстаудағы шеберлігі байқалмай қалған жоқ. 68-минутта Р. Стерлингтің орнына шабуыл өтіне ағылшындық жас перілердің бірі Маркус Рэшфорд шықты. Он минуттан кейін Э. Янг орындаған айып соққысы қақпадан жоғары кетті.

Бұл ойында нәтижелі соққы жасай алмаған Деле Аллиді тағы бір жас футболшы Рубен Лофтус-Чик алмастырды.

Қосымша төрт минут қосылғаны сол еді, 91-минутта бұрыштамадан берілген доптан кейін Гарри Кейн өзінің капитан екендігін көрсетіп, жеңіс голын соғып кетті - 2:1.

Бір атап өтетін жайт, Англия бұл чемпионатқа өз тарихындағы ең жас құрамасын алып келді. Сонымен қатар олардың бәрі де ағылшын біріншілігінде өнер көрсетеді. Футболшылары тек өз елінде ойнайтын басқа құрама жоқ.

Еске сала кетейік, G тобында мұның алдында Бельгия Панаманы 3:0 есебімен ойсырата жеңген болатын.

Соңғы жаңалықтар