Футболдан ӘЧ: Ахмед Мұсаның қос голы Нигерияға жеңіс әперді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем чемпионатының D тобында Волгоград қаласында Нигерия - Исландия командалары өзара күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл кездесу қос құрама үшін де аса маңызды еді. Алғашқы турда Африканың ең маңдайалды командаларының бірі Нигерия Хорватияға 0:2 есебімен есе жіберсе, дүниежүзілік додаға тұңғыш қатысып отырған Исландия екі мәрте әлем чемпионы Аргентинамен тең тарқасқан еді.

Осыған дейін алты рет дүниежүзілік додаға қатысқан нигериялықтар соның үшеуінде плей-офф кезеңіне шыққан болатын. Сондай-ақ Нигерия - 1998 жылғы Олимпиада чемпионы. Исландиялықтар әзірге ондай табыстарымен мақтана алмайды. Дегенмен Исландияда 360 мыңдай тұрғынның 22 мыңы немесе 7 пайыздайы футболмен айналысады екен, бапкерлері де күрт көбейіп келеді. Кішкентай елдің үлкен мақсаттарға қол жеткізе алатынының нақты көрінісі, міне, осы.

Нигерия құрамасының бас бапкері, неміс маманы Гернот Рор бұл матчта мына ойыншыларға сенім артты: Фрэнсис Узохо (қақпашы), Брайан Идову, Уильям Эконг, Леон Балогун, Кеннет Омеруо, Вилфред Ндиди, Огенекаро Этебо, Джон Оби Микел (команда капитаны), Виктор Мозес, Ахмед Мұса, Келечи Ихеаначо. Олардың арасында Еуропаның белді командаларында өнер көрсететіндері жеткілікті.

Исландиялық бапкер Хеймир Хадльгримссон ұсынған құрам да осал емес: Ханнес Халльдоурссон (қақпашы), Биркир Севарссон, Хердур Магнуссон, Рагнар Сигурдссон, Кари Арнасон, Гильфи Сигурдссон, Арон Гуннарссон (капитан), Биркир Бьярнасон, Рюрик Гисласон, Йон Бодварссон, Альфред Финнбогасон.

Жаңазеландиялық Мэттью Конгер қазылық еткен бұл ойында викингтер бірінші болып қақпаға қауіп төндірді. Сигурдссонның соққысын Узохо бұрыштамаға жіберіп үлгерді. Алғашқы тайм соңына таман исландиялықтар бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберді. Ал нигериялықтар шабуыл ұйымдастыруға тырысқанымен, бірінші таймда бірде-бір рет қақпаны дұрыс көздей алмады.

Кездесудің екінші кезеңі нигериялықтардың шабуылымен басталды.

Көп ұзамай исландық ойыншының алаң сыртынан Нигерияның айып алаңына қолмен лақтырған добы өздерінің сорына шықты. Допты қақшып алып, ұшқыр шабуылға көшкен нигериялықтар викингтерді қапы қалдырды. Оң қанаттан суырылып шыққан англиялық «Челсидің» жартылай қорғаушысы Виктор Мозес Исландияның айып алаңына барып қалған Ахмед Мұсаға пас берді. Мәскеудің ЦСКА командасының шабуыл өтінде ойнайтын Ахмед әуелі допты қабылдап алып, содан кейін қақпа бұрышын дәл көздеді - 1:0. Бұл Нигерияға қуаныш сыйлаған 50-інші минут еді.

Исландиялықтар алға ұмтылғанымен, 74-минутта А.Мұсаның айып алаңына кірместен тепкен добы қақпа маңдайшасынан кері қайтты. Іле-шала алыстан берілген пасты қабылдап алған Ахмед айып алаңына екпіндей еніп, бәрін алдап өтіп, 75-минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл оның ұлттық құрамасы сапындағы 15-інші голы еді.

Бір қызығы, бұдан төрт жыл бұрын Бразилияда өткен додада А.Мұса Аргентинаның қақпасына қос гол соққанымен, онда командасы 2:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Аргентиналықтармен бірге нигериялықтар топтан шыққанымен, француздардан 0:2 есебімен ұтылған болатын.

Матч аяқталуға он минуттай қалғанда, исландиялық ойыншыны нигериялықтар өз айып алаңында шалып жықты. Мэттью Конгер бейнеқайталаудан кейін Нигерияның қақпасына 11 метрлік пенальти белгіледі. Алайда Гильфи Сигурдссонның соққысы қақпадан жоғары кетті.

Осылайша Исландия құрамасын тізе бүктірген Нигерия үш ұпайға ие болды. Исландия мен Аргентинаның еншісінде бір-ақ ұпайдан бар.

Еске сала кетейік,  D тобында Аргентинаны ойсырата жеңіп, 6 ұпайға қол жеткізген Хорватияның плей-офф бәсекесіне жолдама алғанын жазған болатынбыз. Енді екінші жолдама мәселесі 26 маусым күні болатын Нигерия - Аргентина, Исландия - Хорватия матчтарында шешіледі. Аргентиналықтар соңғы матчта Нигерияны ұтып, исландиялықтар өздеріне қажет есеппен хорваттарды жеңе алмаса, онда Месси командасы жолдамаға иелік  етеді. Доп айырмасы есептелуі де мүмкін. Хорваттар Исландиямен бәсекеде жеңіс немесе тең ойын үшін бар күшін сала ма, әлде кейінге сақтай ма, ол да белгісіз.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар