Футбол: Ұлттар лигасының талабы мен ережесі қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 6 қыркүйекте УЕФА футболдан Ұлттар лигасы турнирінің шымылдығын түреді. Аталмыш доп додасы жанкүйерлер тарапынан зор қызығушылық туғызып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұйымдастырушы мамандар жаға турнирдің мақсаты жайында былай түсіндіріп өтті. Әдетте, құрамалар тарапынан көптеген жолдастық ойындар өткізеді. Сол ойындарды ресми матчтарға айналдыру арқылы құрамалар деңгейін арттыруға әбден болады. Өйткені, кейбірде жолдастық кездесуге аса қызығушылық болмай жататыны жасырын емес. Ал ресми ойындар мамандар және жанкүйерлер тарапынан да қызығушылық туғызады. Сондай-ақ, бір деңгейдегі құрамалар өзара шеберлік байқасып, тәжірибе жинақтай алады.

Бүгінде УЕФА құрамында 55 құрама бар. УЕФА 2017 жылдың 11 қазанындағы рейтинг бойынша оларды төрт лигаға бөлді. Алдыңғы қатарлы үздік құрамалар А лигасында сынға түседі. Одан деңгейі біршама төмені В тобында бақ сынайды. Ортанқол құрамалар С тобында шеберлік байқасса, Д тобында әлсіз дегендері ойнайды. Әрбір лигада төрт топтан бар. Олардың әрбірінде 3-4 құрамадан бар. Үстіміздегі жылдың қыркүйек және қараша айларында олар өз және сырт алаңда әрбір қарсыласымен шеберлік байқасады. Осының нәтижесінде халықаралық футбол күнтізбесіне сәйкес төрт немесе алты ойыннан өткізуіне мүмкіндік бар. А лигасынан өзгесіндегі топ жеңімпаздарының деңгейі жоғарылай түседі. Ал соңғы орында болғаны келесі турнирді төменгі лигадан бастауға мәжбүр.

Жарыс ережесіне сәйкес А лигасының төрт жеңімпазы 2019 жылдың маусым айында жалауын көтеретін финалдық кезеңге жолдама алады. Онда жартылай финал, үшінші орын үшін сайыс және финал ойналады. Финалдық ойынның иесі төрт үздік құраманың арасынан анықталады. Бұл шешім үстіміздегі жылдың желтоқсанында өтетін УЕФА Атқарушы комитетінің отырысында қабылданады. Осылайша Еуропа құрамалары аталмыш лига жеңімпазы атану үшін, әрбір лигадағы ойынын сақтап қалу үшін сынға түседі. 

А лигасында 12 үздік құрама сынға түседі. Одан кейінгі 12 құрама В, 15-і С лигаларында доп тепсе, Д лигасында 16 құрама бар. А және В лигаларында әр топта үш құрамадан болады. Ал С лигасында бір топта үш құрама болса, үш топта төрт құрамадан орналасады. Д лигасында барлығында төрт құрамадан бар.

Ұлттар лигасы топтық кезеңінің жеребесі 2018 жылдың 24 қаңтарында тартылды. А лигасындағы бірінші топта Германия, Голландия, Франция, екінші топта Швейцария, Бельгия, Исландия, үшінші топта Португалия, Польша, Италия, төртінші топта Англия, Хорватия, Испания құрамаларының жолдары түйісті. В лигасының бірінші тобында Чехия, Словакия, Украина, екіншісінде Швеция, Ресей, Түркия, үшіншісінде Солтүстік Ирландия, Австрия, Босния және Герцоговина, төртіншісінде Дания, Ирландия, Уэльс ойнайды. С лигасында бірінші топта Шотландия, Израиль, Албания, екіншісінде Грекия, Эстония, Финляндия, Венгрия, үшіншісінде Болгария, Словения, Кипр, Норвегия, төртіншісінде Сербия, Литва, Черногория, Сербия бақ сынайды.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Д лигасында бірінші топта Қазақстан, Грузия, Латвия, Андорра,  екіншісінде Молдавия, Беларусь, Люксембург және Сан-Марино, үшіншісінде Әзербайжан, Мальта, Фарер аралдары және Косово, төртіншісінде Армения, Македония, Лихтенштейн және Гибралтар құрамалары сынға түседі.

Ұлттар лигасының алғашқы туры 6-8 қыркүйек, 2-туры 9-11 қыркүйек, 3-туры 11-13 қазан, 4-туры 14-16 қазан, 5-туры 15-17 қараша, 6-туры 18-20 қараша күндері өтеді.

Еске сала кетелік, бүгін Қазақстан құрамасы аталмыш лига ойындары аясында өз алаңында Грузия құрамасын қабылдайды. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар