Футбол: «Тобыл» мен «Қайрат» төртінші мәрте жеңіске жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының төртінші тур ойындары басталды. Отандық командалардың бір-бірімен кездесуі еліміздің төрт қаласында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойын Павлодар қаласында өтті. Жергілікті «Ертіс» үздіктер қатарына биыл оралған «Таразды» қабылдады. Аталмыш кездесуде «Тараз» командасы өз қақпасына екі автогол соғып алды. Алғашқысы 17-минутта Игорь Пикалкиннің еншісіне жазылса, 69-минутта тараздық қақпашы Самат Отарбаев өз қақпасынан доп алып шығуға мәжбүр болды. Ал «Тараз» сапынан 38-минутта Рахымжан Розыбакиев қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Кездесуде «Ертіс» 2:0 есебімен басым түсті.

Қостанайда жергілікті «Тобыл» турнир кестесінде көш соңында тұрған «Ақтөбені» қабылдады. Ойында 34-минутта алаң иелері сапынан Азат Нұрғалиев пенальтиден есеп ашса, 80-минутта оның әріптесі Максим Федин есепті үстемелей түсті. Дегенмен, 89-минутта «Тобыл» қақпашысы Эмиль Балаевтың өрескел қателігін «Ақтөбе» ойыншысы Есен Жасанов шебер пайдаланып кетті. Кездесуде алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, «Тобыл» төртінші ойын қатарынан жеңіске жетіп, турнир кестесінде қайтадан көш басына шықты.

Ал Шымкентте «Ордабасы» Талдықорғанның «Жетісу» командасын 1:0 есебімен тізе бүктірді. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды шымкенттіктер қатарынан Жоао Пауло соқты.

Бұл күні тағы бір ойын Алматы қаласында өтті. Алматылық «Қайрат» клубы Көкшетаудың «Оқжетпесінен» 2:1 есебімен басым түсті. Кездесуде есепті 2-минутта «Оқжетпес» ашты. Аталмыш команда сапынан Санат Жұмаханов мергендік танытты. Оған 11 және 17-минуттарда «Қайрат» шабуылшысы Адеринсола Эсеола екі голмен ажуап қайырды. Ал оның командалас әріптесі Раде Дугалич 44 және 82-минуттарда есепті үстемелей түсті.

Төртінші турдағы қалған екі ойын 7 сәуірде өтеді. Бұл күні Қызылордада «Қайсар» елордалық «Астананы», елордада «Атырау» Қарағандының «Шахтерін» қабылдайды.

Ал бесінші тур ойындары 14 сәуір күнге жоспарланған. Онда «Шахтер» мен «Ертіс», «Тараз» бен «Қайсар», «Оқжетпес» пен «Тобыл», «Жетісу» мен «Қайрат», «Астана» мен «Ордабасы», «Ақтөбе» мен «Атырау» кездеседі.

Соңғы жаңалықтар