Футбол: «Тобыл» командасы «Астана» мен «Қайраттың» алдына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, бүгінгі үш кездесуде де алаң иелері саналған командалар ойындарын өзге қалада өткізуге мәжбүр болды. Себебі, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау қалаларында стадиондар әзірге мұндай деңгейдегі кездесулерді өткізуге дайын емес. Сондықтан бұл кездесулер Қостанай және Нұр-Сұлтан қалаларында ойнады.

Қостанайда «Ақтөбе» Алматының «Қайратын» қабылдады. Бұл кездесуде ақтөбелік клуб тағы да жеңілістің ащы дәмін татты. Ойынның алғашқы кезеңінде «Қайрат» сапынан Конрад Вжесиньски 12, Дино Миканович 35, Адеринсола Эсеола 45-минутта үш гол соғып үлгерді. Оған 72-минутта ақтөбелік Антон Шурыгин жалғыз голмен жауап қайырды. Ойында «Қайрат» 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Одан кейінгі кездесуде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана-арена» стадионында өткізілді. Онда Қарағандының «Шахтері» Қостанайдың «Тобыл» командасымен шеберлік байқасты. Ойын тағдыры шешкен жалғыз голды 88-минутта қостанайлық шабуылшы Сенан Себаи өз еншісіне жазды. Осылайша «Тобыл» 1:0 есебімен жеңіске жетті. «Тобыл» «Астана» мен «Қайратты» артқа салып, турнир кестесінде көш тізгінін қолға алды.

Ал елорадамызда өткен «Оқжетпес» пен «Ордабасы» командалары арасындағы кездесуде есеп ашылған жоқ. «Оқжетпес» биылғы доп дожасындағы алғашқы ұпайына қол жеткізді. «Ордабасы» жеті ұпаймен төртінші орынға көтерілді.

Кеше, 30 наурызда 3-турдың алғашқы үш ойыны болып өтті. Бұл жолы Павлодарда «Ертіс» Қызылорданың «Қайсарынан» 0:1, Талдықорғанда «Жетісу» елордалық «Астанадан» 0:2 есебімен жеңілсе, «Тараз» өз алаңында «Атырауды» 2:0 есебімен жеңді.

Енді төртінші тур ойындары 6 және 7 сәуір күндері болады. 6 сәуірде «Тобыл» мен «Ақтөбе», «Ордабасы» мен «Жетісу», «Қайсар» мен «Астана», «Қайрат» пен «Оқжетпес», «Ертіс» пен «Тараз» командалары кездессе, 7 сәуірде «Атырау» мен «Шахтер» клубтары шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар