Футбол: Оралдың «Ақжайығы» жаңа ойыншымен толықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Премьер-лигаға қайта оралуды мақсат етіп отырған «Ақжайық» командасы 24 жасар қорғаушы Ерболат Рүстемовпен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оралдықтарға Қызылорданың «Байқоңыр» командасынан келіп қосылған Е.Рүстемов спорттық жолын 2014 жылы «Қайсардың» екінші құрамында бастады.

Кейін клуб басшылығы Ерболатты «Байқоңырға» ауыстырған. Соңғы төрт маусымды «Байқоңыр» сапында өткізген қорғаушы 89 ойында 13 голдың авторы атанды.

Түркиядағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтаған «Ақжайықтың» бас бапкері, украиналық маман Сергей Зайцевтің айтуынша, қазіргі кезде команда құрамы 60 пайызға жасақталды. Әлі де жаңа футболшылар қаралымға келіп, сыннан өтетін болады. Ең бастысы, жастар оқу-жаттығу жиынында тер төгумен бірге басқа командалармен кездесіп, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды. Алдағы жиында одан да мықты клубтармен ойнау жоспарланған. Сол кезде құрамды нақтылап, чемпионатқа тас-түйін дайындықпен келу көзделуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» үш ойыншымен келісімшартты ұзартқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар